333

АҚШ Иранға қарсы ірі соққыға дайындалып жатыр

Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалог тығырыққа тірелді.

АҚШ Иранға қарсы ірі соққыға дайындалып жатыр
Mark Schiefelbein/AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жүргізілген алдын ала келіссөздер нәтиже бермеген соң, бұл елге қарсы жаңа әрі қуатты соққы жасау нұсқаларын талқылап жатыр. Бұл туралы CNN мәлімдеді.

Мәліметке сәйкес, ықтимал соққылар Иран басшылығы, мемлекеттік құрылымдар және ядролық нысандарға бағытталуы мүмкін. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

28 қаңтар күні Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иранды келіссөздер үстеліне қайта отыруға шақырып, «ядролық қарудан ада әділ әрі шынайы келісімге» келуді талап етті. Ол АҚШ-тың келесі соққысы 2025 жылдың жазында жүзеге асқан, Иранның үш ядролық нысанына жасалған операциядан да ауыр болатынын ескертті.

CNN дереккөздерінің айтуынша, Вашингтонда Иран күштік құрылымдары мен басшылығына әуеден соққы беру, сондай-ақ ядролық инфрақұрылым мен мемлекеттік мекемелерді нысанаға алу нұсқалары талқылануда. АҚШ бұл құрылымдарды ел ішіндегі жаппай наразылықтар кезінде жүздеген адамның қаза табуына жауапты деп есептейді.

Келіссөздердегі тығырық

Осы айдың басында тараптар Оман дипломаттары арқылы және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи арасындағы арналар арқылы байланыс орнатқан. Мақсат — АҚШ-тың әскери соққысын болдырмау. Алайда ықтимал жеке кездесу жүзеге аспай, соңғы күндері тікелей келіссөздер жүргізілмеген.

Вашингтон алдын ала шарт ретінде Иранның уран байытудан толық бас тартуын, баллистикалық зымыран бағдарламасына жаңа шектеулер енгізуді және аймақтағы одақтас күштерді қолдауды тоқтатуды талап еткен. Негізгі қайшылық зымырандардың ұшу қашықтығын шектеу мәселесінде туындады. Иран бұл талапты қабылдамай, тек ядролық бағдарлама аясында ғана келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Осыдан кейін диалог тұйыққа тірелген.

Трамптың мәлімдемелері Тегеранда қатаң реакция тудырды. Иран билігі АҚШ-тың кез келген әскери әрекетіне дереу жауап беретінін мәлімдеді. Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменейдің кеңесшілерінің бірі Иранға шабуыл жасалса, Израиль нысанаға алынатынын ескертті.

АҚШ президенті аймақтағы әскери әлеуетінің артқанын алға тартады. USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушы соққы тобы Үнді мұхитына кіріп, Иран бағытына қозғалысын жалғастырып жатыр. Пентагон қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, соның ішінде Patriot батареяларын және HAAD мобильді кешендерін орналастыруды жоспарлап отыр.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи ел қарулы күштері «кез келген агрессияға дереу әрі қуатты жауап беруге» дайын екенін айтты. Ал Әли Хаменейдің кеңесшісі Әли Шамхани мұндай әрекеттер соғыстың басталуы ретінде қабылданатынын, жауап «бұрын-соңды болмаған» сипатта болатынын мәлімдеді.

Материал авторы