Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында туған. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Уорик университетін (Ұлыбритания) бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор болып бастаған. 2012-2018 жж. – «Алматы» телеарнасында бөлім басшысы, продюсер. 2018-2019 жж. – ҚР Ақпарат және коммуникациялар комитетінің Интернет кеңістігіндегі және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыс жөніндегі басқарма басшысының м.а., басшысы. 2019-2020 жж. – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.2020 жылдың мамыр айынан ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2022 жылғы ақпан–сәуір айларында Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары болды.

2022 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді. 2022–2023 жылдары Президент баспасөз хатшысы болды. 2023 жылғы 5 қаңтарда лауазымынан босатылмай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалып, ол 2 қызметті сол жылғы қыркүйекке дейін қоса атқарды. 2023 жылғы 1 қыркүйекте 2 лауазымынан босатылғаннан кейін Президент Жарлығымен Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
2025 жылғы 17 ақпаннан 9 қыркүйекке дейін Президент кеңесшісі және оның баспасөз хатшысы болды. Сол жылдың 9 қыркүйегінде Руслан Желдібай Президент көмекшісі және оның баспасөз хатшысы болып тағайындалған еді.
Баспасөз хатшысы қызметін атқара жүріп ол Президенттің кеңесшісі кейін көмекшісі лауазымына көтерілді. Мемлекет басшысының елдегі және шетелдік сапарларын сапалы ұйымдастырып, ақпарат таратуда жеделдік танытты. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарларына бірқатар журналистер қосылып, оқиға орнынан хабар таратуға мүмкіндік алды. Мұндай сапарлар Түркия, Ресей, Жапония, АҚШ-та жүзеге асты.

Одан бөлек Руслан Сұлтанұлын IJF Халықаралық дзюдо федерациясының жаңа технология және жоғары нәтижелер жөніндегі комиссия директоры етіп тағайындады. Оның бастамасымен былтыр бірқатар мектептерде дзюдо негізгі пән ретінде енгізіліп, балалар тұрақты жаттыға бастады.
Ол сонымен қатар елдегі спорттық федерациялардың да жұмысын қадағалап отырды. Олимпиада комитетімен бірлесіп спортшылардың деңгейін көтеру, олардың жағдайын жасау бойынша ірілі-ұсақты шаруалар атқарылды. Руслан Желдібайдың кезінде «Дара» Президенттік бастамалар қоры 200-ге жуық журналистке баспана кілтін табыстады. Аталған ізгі істің басында Президент баспасөз жетекшісі де жүрді. Бұл өз кезегінде БАҚ өкілдерінің мерейін өсіріп, әлеуметтік мәселесін шешуге көмегін тигізді.

Руслан Сұлтанұлы қызмет барысында елдегі маңызды саяси шешімдер, сыртқы саяси бастамалар мен әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан Президенттің көмекшісі ретінде пікір білдіріп, әлеуметтік желілер арқылы бөлісіп отырды. Бұл жеке баспасөз хатшысының емес тұтас биліктің көзқарасы ретінде қабылданды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының халықаралық бағыттағы көзқарасы мен саяси қадамы жайында, Ұлттық Құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер жөнінде де айтып отырды.
Ол бүгін Facebook әлеуметтік желісіне «Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттерді тиісті деңгейде орындауға барынша күш салдым. Қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Мемлекеттік қызметті жауапкершілік ретінде қабылдаймын. Болашақта да кәсіби тәжірибемді ел мүддесіне, отанымызды дамытуға пайдаланамын» деп жазды.
RUS