356

СҚО-да көлік жүргізіп келе жатқан ер адамды жолаушы тістеп алған (ВИДЕО)

Қансыраған жүргізуші патрульдік полицейлерден көмек сұрады.

СҚО-да көлік жүргізіп келе жатқан ер адамды жолаушы тістеп алған (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында қолы қанға боялған жүргізуші патрульдік полицияны тоқтатып, жедел көмек сұрады. Кейін анықталғандай, ер адамды жолаушысы кенеттен болған ұстама кезінде тістеп алған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның ақпараттық порталында хабарланғандай, оқиға Көкшетау – Омбы автожолында, Талшық пен Дәуіт ауылдарының арасында шамамен сағат 18:10-да болған. Патрульдік экипажға «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі жүгінген.

«Ер адамның оң қолы қанға боялған еді, ол дереу көмек сұрады. Жағдай түсініксіз болғанымен, полицейлер уақыттың әр секунды маңызды екенін бірден аңғарды», – деп хабарлады ІІМ.

Белгілі болғандай, жүксіз «ГАЗель» Кішкенекөлден Көкшетауға қайтып келе жатқан. Талшықтан кейін жүргізушінің серігі кенеттен өзін жайсыз сезініп, тынысы тарылған. Жүргізушінің айтуынша, жолаушыда инсульт немесе эпилепсия белгілері байқалған.

«Жүргізуші қолдан келгенше көмектесуге тырысқан. Алайда ұстама кезінде жолаушы оның қолын тістеп алған. Осыдан кейін ол патрульдік полицияны тоқтатуға мәжбүр болды», – делінген хабарламада.

Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Ратбек Кисамиденов пен инспектор Ілияс Қайыргелді науқасты қызметтік көлікке отырғызып, Талшықтағы орталық аудандық ауруханаға жеткізді. Жол бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханамен байланыс орнатылған.

Ер адам аурухана алдында күтіп тұрған медицина қызметкерлеріне табысталды. Жүргізуші полицейлерге серігін аман алып қалғаны үшін алғыс білдірді. Ал тәртіп сақшылары қызметін әрі қарай жалғастырды.

 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор