SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты қазақ және қырғыз халықтарының ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасаған Екатерина Биволға қатысты үкім шығарды. Ол — ресейлік және қырғыз боксшысы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы.
Соттың ресми мәліметіне сәйкес, Екатерина Бивол Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған бап қоғамда ұлтаралық өшпенділік пен араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерді қамтиды. Сот шешімімен ол 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді.
Бұл іс 2025 жылдың қазан айында Telegram желісінде жарияланған бейнежазбаға байланысты қозғалған. Әлеуметтік желіге тараған материалды Ресей Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы тексерген.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде бейнежазбада қазақ және қырғыз ұлттарының ар-намысына тиетін, ұлттық қадір-қасиетін кемсітетін сөздер бар екені анықталған. Осыған байланысты Екатерина Биволға қатысты «ұлтаралық араздықты жария түрде қоздыру» дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотта қаралды.
Сот шешімі күшіне енді.
RUS