Қазақстан бюджеті өз тарихындағы ең ауыр тапшылықтың тауқыметін тартып, мемлекет өз иығындағы міндеттемелердің жүгін көтере алмай, «теңселіп» тұрған шақ. Қаржы жетіспейді, өмір шындығы көркем есеппен үйлеспейді. Бұл ахуалға кім кінәлі?
Қисынға салсақ, қара алтынға нашақордай тәуелді экономиканы мұнай иісінен арылта алмаған, бюджеттің жаңа табыстарының бұлақ көзін аша алмаған, кірісті әртараптандыруды қағаз жүзінде ғана меңгерген, іс жүзінде оған білігі де, батылы да жетпеген шенеуніктер емес пе? Жауапты шенділердің шекпені шешілуге тиіс еді.
Бірақ тәжірибе басқа жолды нұсқайды. Айыптыны өз арасынан іздеу – қауіпті. Сондықтан жауапкершілікті құрбанға сырғыту әлдеқайда ыңғайлы көрінеді. Ол үшін құрбанның алаяқтыққа бейім екеніне елдің көзін жеткізген жөн. Бюджеттік шығыстарды секвестрлеу басталған сәттен-ақ, кеше ғана «экономиканың тірегі» деп зор бағаланған бизнесмендер біртіндеп «кінәлілер» қатарын толықтыра бастады.
Қысқасы, қаржы жетпесе – алушының өзі айыпты. МӘСҚ қорының түбі көрінді ме? Миллиондап жөргекпұл алған жас босанған кәсіпкер анакінәлі. Проблема жүйеде емес, бала туып, лайықты жәрдемақыдан дәметкендерде.
Медицина саласына бөлінетін қаржы жарты триллионға қысқарды ма? Бұған себеп ретінде жекеменшік клиника иелерінің «байлығы» алға тартылды. ЖИ-аудит жекеменшік медұйымдардың 1 465 басшысы 5 мыңнан аса жылжымайтын мүлік пен 1 416 автокөлік сатып алғанын әшкереледі. Осыны алға тартып, «ақшаны дәрігер емес, қаржыгер басқарсын!» деген ұранмен ӘМСҚ қорын енді есеп-қисап шеберлерінің қолына беру жөн көрілді. Емдеу екінші кезекке ысырылды, баланс – басты құндылыққа айналды.
Білім саласы да бұл «реформа шеруінен» тыс қалмады. Кеше ғана әр телеарнадан дәріптелген «ақша балаға ереді» қағидасы үнсіз ғанадоғарылып, тартпаға тығыла салды. Неге? Өйткені ЖИ-аудит анықтағандай, оқушылар бір мектептен екіншісіне «тым жиі көшкен».Жекеменшік мектептер жан басына шаққандағы қаржыны иелену үшін ғимараттың жобалық сыйымдылығын кеңейтіп, «артық» бала қабылдап қойған. Демек, мәселе жүйеде емес – мектеп қожайынында.
Енді кезек… ауыл шаруашылығына да жеткен секілді. Былтырдан бері ауыл кәсіпкерлері түрлі тығырыққа тіреліп, Президентке дейін ашық хат жазуда. Олар реформалардың шикілігін, субсидия-демеу қаржының тапшылығын, ауылдың тынысы тарылғанын, қиянатты кедергінің, негізсіз талаптың көбейіп бара жатқанын айтып шыр-пыр болды. Билік оған назар аударты. Үкіметтің шарасы да алдын ала дайын.
Қаржы жетпесе – сылтау табылуы керек. Сылтау табылса – кінәлі анықталады. Бизнес арасынан айыпты табылса, өз арасындағы жауапты лауазым иелері жазаланбайды, әрі қаржыландыру да оп-оңай қысқарып, реформа басталады. Қоғам бұл тапқырлыққа баладай шаттанып, қол соғады, қонақта айтуға әңгіме табылғанына мәз.
Осылайша, елде бюджет дағдарысы емес, айыптыларды іздеп, жазалау науқаны жүріп жатқандай. Бір саладан екіншісіне көшіп, эстафета таяқшасындай қолдан-қолға өтетін айып. Кеше – бала туған ана, бүгін – дәрігер, ертең – жеке мектеп, арғы күні «қара тізімде» – ауыл кәсіпкері, одан соң – кім білсін, біреуді табады.
Қаржы министрі Тәкиевке сенсек, агроөнеркәсіптік кешенге соңғы 2 жылда 1,2 триллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Бірақ ауылдың тұрмысы сол қарқынмен оңалып кетті деу қиын. Үкімет жүргізген аудит аграрлық саладағы жүйелі олқылықтарды, қағаздағы жетістік пен жердегі шындықтың арасындағы алшақтықты тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған кім кінәлі? Бәлкім, біраз аймақ әкімі «ұшар»?
Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің агроөнеркәсіпке жүргізілген аудитінің алдын ала қорытындылары жөніндегі баяндамасын тыңдады. Тыңдады да, әрбір санның артында тұрған шындықтың жүгі ауыр екенін аңғарды.
Агроөнеркәсіп кешенін 2023-2024 жылдардағы қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижелеріне сәйкес, анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрапты. Оның ішінде бюджеттің тікелей шығындары – 32 млрд теңге.
Қаржы министрі Тәкиев қомақты қаражаттың күтілетін экономикалық нәтиже мен халыққа пайда әкелмей игеріліп жатқанын атап өтті. Мәселен, шаруаларды субсидиялауда 5,5 млрд теңге сомасына көлеңкелі схемалар белгілі болды. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алушылар арасында 808,1 млн теңгеге бір ірі қара малды қайта-қайта жалған сату жағдайлары тіркелді.
Сонымен қатар Мәди Тәкиев субсидиялар беру кезінде анықталған кейбір заң бұзушылықты атады. Бюджеттік кредиттер шеңберінде жүзеге асырылатын АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 13,3 млрд теңге сомасына заң бұзушылықтар анықталды. Мал мен жабдық мүлдем жеткізілмеген немесе аз мөлшерде жеткізілген фактілері белгілі болды. Жеке құрылыс жұмыстары төленген, бірақ іс жүзінде орындалмаған.
Тағы бір «тылмыс» дүние: қарызы барға жаңа кредит берумен әуестенушілік белең алыпты. Кеңес заманында «қарыз алсаң да ақша тап» дейтін әзіл болушы еді. Соның кері: фермер мемлекеттен бұрынғы алған қарызын мемлекеттен жаңа алған қарызымен «жауып»береді. Ақыр соңында ол берешек кешіріліп, есептен шығарылып та жатады. «Алдар көсе» фермер елдің ірі қалаларындағы қаптаған коттедждердің, кең сарай пәтерлердің, ондаған көліктің және шетелдегі мүліктің иесі атанады. Оның биліктегі сыбайласы, қолдаушысы кім? Жұмбақ.
«Дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асыру жыл сайын 140 млрд теңге көлемін және 3,2 мың қарыз алушыны қамтығанына қарамастан, жүйелі тиімсіздікке әкелді.Ағымдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру үшін құрылған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің шығындарын 70%-ға дейін жабу жөніндегі мәлімделген көрсеткішті қамтамасыз ете алмай отыр. Қаражат көптеген қарыз алушылар арасында аз көлемде бөлінетіндіктен, жұмыстардың толық циклін орындауға мүмкіндік бермейді», - деді бас қаржыгер.
Десек те, депутаттардың өздері бәріне ауыл кәсіпкерлерін айыптай бермеген жөн екенін ескертеді. Оларға керісінше, қолдау жетіспейді.
«Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінің тиімділігін арттыру туралы айтқанда келесіні де атап өткен жөн. Біз мемлекеттік қолдаудың көлемі мен тетіктерін негізгі сауда серіктестерімен сәйкестендіруіміз керек. Қазақстандағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның әдісі бойынша рұқсат етілген 8,5%-дың бар-жоғы 5%-ын ғана құрайды. Яғни, Үкімет мемлекеттік қолдау деңгейін толық арттыруға құқығы бар. Бірақ арттырмайды. Мәселен, Беларусьте ауыл кәсіпкерін мемлекеттік қолдау Қазақстанға қарағанда 2 есеге жоғары! Ресейде де жағдай сондай: соғысқа қарамастан субсидияны аямай береді», - дейді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев.
Сонымен қатар «одақтастарымыз» экспорттаушыларына көліктік субсидияларды белсенді ұсынады. Мәжілісменнің мәліметінше, ақыр соңында олардың қасында қазақстандық тауар өндірушілер олардың қасында тең емес, бірдей емес бәсекелестік жағдайында қалады.
Сондықтан Егізбаев Үкімет ауыл шаруашылығын қолдау саласындағы міндеттемелерін толыққанды орындауы, субсидиялау жұмыстарын күшейтуі және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүдделерін қорғауды нақты қолға алуы керек деп есептейді.
Қаржы министрі агроөнеркәсіптік кешенге соңғы 2 жылда 1,2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді деп таңдай қағады. Ал, дәл осы салаға төл аудитін жүргізген Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың дерегінше, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен тек 2 триллион теңге ғана бөлінген.
ЖАП салаға жауапты шенеуніктердің ісінен кінәрат байқапты. Ең бірінші проблема – стратегиялық жоспарлаудың әлсіздігі жәнежоспарлауда сабақтастықтың болмауы. Әрбір жаңа келген министр ізашарының айыбын арқаламау үшін оның жасағанының бәрін –жаман-жақсысын тегіс қоқысқа лақтырып, жаңа бағдарлама дайындайды.
Салдарынан, ЖАП аудиторларының байламынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы он жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдағанымен, олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Кейбірі іске асыру барысында мерзімінен бұрын күшін жойды. Басымдықтар жиі өзгерді. Мұндай тұрақсыздық мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік бермеді.
Екіншіден, бұрмаланған ведомстволық статистика нақты бағдарларды айқындауға кері әсерін тигізді. Соның кесірінен бірқатар нысаналы индикаторлар әуелі шектен тыс жоғары қойылып, кейін төмендетілді.
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған, Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин жетекшілік еткен арнайыжұмыс тобы да тексеру жүргізіп, қаншама қосып жазуды әшкереледі.Соның нәтижесінде, аты бар, заты жоқ 2 млн сиыр, 3 млн қой, 3 млн литр сүт, 2 млн келі картоп есептен шығарылыпты. Елдегі мал басы содан күрт кеміді.
ЖАП аудиті субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктерге де назар аударды. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары жиі өзгеріп тұрған. Ауыл кәсіпкерлерін әбден жаңылыстырды. Ұсыну тетігі де іске асыру кезінде қайта-қайта түзетілген. Соңғы бес жылдың өзінде 70 рет өзгеріс енгізді.
Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды субсидиялау жөніндегі ережелер бес жылдан астам уақыт өтсе де бекітілмеген. Бұл — бастамалар ұсынылғанымен, тетіктерінің пысықталмағанын көрсетеді.
Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әр жаңа өзгеріске бейімделу үшін қосымша күш жұмсайды. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдау шараларына деген сенімсіздік туғызады.
Шашыраған қаржы, көмескі басымдық саланы жарға жығуда. Нақты нысаналы индикаторлар белгіленбеген. Аудиторлардың бағалауынша, бағыттардың тым көптігі салдарынан кейбір субсидиялар қажетті көлемнен екі есеге жуық аз қаржыландырылады. Тіпті субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы кейде екі жылға дейін созылады.
Ауылға бөлінген қаржы аз емес. Бірақ мәселе қаржы көлемінде емес, субсидия бағыты мен саясаттың тұрақтылығында. Төрт түліктің саны мен егінжайдың көлемі туралы есептер шынайы тіршіліктен алшақтап, статистиканың сиқырлы әлеміне айналып бара жатқандай. Үкімет қаптаған аудиттен қандай қорытынды шығарары белгісіз.
RUS