Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі таратты.
Ведомство мәліметінше, көрнекті қаламгердің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына, күллі қазақ жұртына көңіл айтылды.
Ресми мәлімдемеде Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясына өзіндік үн, жаңа тыныс әкелген бірегей тұлға болғаны атап өтіледі. Оның шығармалары тек көркемдік құндылығымен емес, азаматтық ұстанымымен де ерекшеленіп, ұлттық руханияттың маңызды бөлігіне айналды.
Ақын қоғамдағы өзекті мәселелерден тыс қалған жоқ. Ел мен жер тағдырына қатысты өткір пікір айтып, қоғамдық ойға ықпал еткен санаулы қайраткерлердің бірі болды. Оның поэзиясы мінезбен жазылды, ал мінезі принциппен өлшенді.
Мәдениет министрлігі Шахановтың қайсар болмысы, әділет жолындағы табандылығы мен ұлттық мүддеге адалдығы халық жадында сақталатынын атап өтті.
RUS