SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда белгілі асаба мен оның жұбайына қатысты жеке сипаттағы бейнематериалдың таралуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ерлі-зайыптылар бұл жағдайға бұрын бірге жұмыс істеген мобилографтың қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, бейнежазба жеке қолдану үшін түсірілген және телефонда құпия файл ретінде сақталған. Алайда мобилограф құрылғыға қол жеткізіп, парольді білген соң видеоны көшіріп, желіге таратып жіберген.
Жәбірленуші әйел бұл жағдайдан кейін өзіне белгісіз адамдардан әдепсіз хабарламалар келіп жатқанын айтып, көпшілікке видеоны таратпауға және қарамауға шақырды.
«Біздің балаларымыз бар, біз заңды некедеміз. Бұл видео тек өзіміз үшін түсірілген», — деді ол.
Ал ер адам медиа саласындағыларға сақ болуға кеңес беріп, жеке деректерді қорғаудың маңызын атап өтті.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша жедел әрекет еткенін хабарлады. Құқық қорғау органдарына жергілікті блогерлер болып табылатын ерлі-зайыптылар арыз түсірген.
Ведомство мәліметінше, WhatsApp мессенджері арқылы жеке видеоматериалды заңсыз тарату фактісі тіркелген. Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 147-бабы — жеке өмірге қол сұғу және жеке мәліметтерді заңсыз тарату бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол — Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция азаматтарға жеке және құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
RUS