Ким Чен Ын Солтүстік Кореяны өзгертуге уәде берді
Ел басшысы ел аумағының үштен біріне өзгеріс енгізбек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің 20 өңірінде жаңа медициналық мекемелер, ойын-сауық кешендері мен өнеркәсіп кәсіпорындарын салу арқылы КХДР-ді «түбегейлі жаңғыртуға» уәде берді.
AFP агенттігінің мәліметінше, жарияланған жобалар ел аумағының үштен бірінен астамын қамтиды.
Ким Чен Ын КХДР-дің оңтүстік-батысындағы Хванхэ-Намдо провинциясында жаңа құрылыс жобасының ресми басталуына қатысқан.
«Ел бойынша қалалар мен уездердің үштен біріне жуығы жаңаша келбетке енеді», – деп мәлімдеді Солтүстік Корея көшбасшысы.
Мемлекеттік БАҚ жариялаған кадрларда Ким Чен Ын басқа лауазымды тұлғалармен бірге құрылыс алаңында жер қазу рәсіміне қатысып тұрғаны көрінеді. Жанында жиналған адамдар Солтүстік Кореяның туларын бұлғап, қол соғып тұрған.
Бұған дейін 28 қаңтар күні Солтүстік Кореяны басқарып отырған Кореяның Еңбек партиясы Орталық комитетінің отырысында партияның IX съезіне баратын делегаттар сайланғаны хабарланған.
AFP дерегінше, аталған съезд соңғы бес жылда алғаш рет өтпек. Алайда оның нақты өткізілу күні әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Солтүстік Корея билігі елді «социалистік ертегіге» айналдыру жөніндегі жоспарларды тұрақты түрде айтып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдың қыркүйегінде билік ауылдық аймақтарды түбегейлі өзгертуге бағытталған екі жаңа заң қабылдаған болатын.
Соған қарамастан, елде халықаралық санкциялар, ядролық және зымыран бағдарламаларына байланысты шектеулер, сондай-ақ бірқатар табиғи апаттардың салдары экономикалық дағдарысты тереңдетіп отыр.
Материал авторы