SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда қаласындағы №2 сотта такси жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралып, ер адам бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Қызылорда облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған.
Сот анықтағандай, такси қызметінде жүрген жүргізуші жол жиегінен қару мен оның жанында жатқан оқ-дәрілерді байқап қалған. Алайда ол бұл туралы полицияға хабарламай, табылған заттарды заңсыз иемденіп, сақтаған және көлікпен тасымалдаған.
Атап айтқанда, ер адам травматикалық оқ атуға жарамды ұңғысыз атыс қаруын және оған арналған патрондарды өзінде заңсыз ұстаған.
Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған небәрі бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
RUS