413

Трамптың әйелі туралы фильмге бір ғана билет сатылған

Миллиондаған қаржы жұмсалған фильм көрерменсіз қалды.

Трамптың әйелі туралы фильмге бір ғана билет сатылған
Eric Lee / The New York Times

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың жары, елдің бірінші ханымы Мелания Трамп туралы деректі фильм көрермен назарын аудара алмады. Лондондағы премьера кезінде кинотеатрда небәрі бір ғана билет сатылған.

DW мәліметінше, фильм Мелания Трамптың жұбайының Ақ үйге қайта оралуы алдындағы 20 күндік кезеңін баяндайды. Көрсетілім өткен залдардың бос қалуы әлеуметтік желілерде АҚШ-та да, басқа елдерде де қызу талқыланып жатыр.

Деректі картинаны Amazon MGM Studios студиясы түсірген. Жобаның жалпы бюджеті 75 миллион долларды құраған. Оның шамамен 40 миллионы фильм құқықтарын сатып алуға, ал 35 миллионы маркетинг пен прокатқа жұмсалған.

Кинотеатрлардағы көрсетілім аяқталғаннан кейін фильм Amazon Prime Video платформасында эксклюзивті түрде ұсынылады. Алайда сарапшылар жобаның коммерциялық болашағына күмәнмен қарап отыр. Аналитиктердің болжамынша, алғашқы демалыс күндеріндегі кассалық түсім небәрі 1–5 миллион доллар аралығында болуы мүмкін.

Boxoffice Company аналитикалық компаниясының аға вице-президенті Дэниел Лория NBC арнасына берген пікірінде:

«Бұл фильм – белгісіз нәтиже беретін жоба. Мұндай форматтағы деректі картиналар әдетте кең көлемде кинотеатрларға шықпайды», – деген.

Фильм төңірегіндегі талқылауға саяси астар да қосылып отыр. Кейбір бақылаушылар Amazon компаниясының қымбат келісімге баруын қазіргі билікке деген корпоративтік адалдықтың көрінісі болуы мүмкін деп бағалауда.

Алайда Amazon бұл пікірлерді жоққа шығарып, мәміленің тек коммерциялық себептермен жасалғанын мәлімдеді.

Компания өкілдері:

«Біз Мелания Трамп туралы алдағы деректі фильм мен сериалдың құқықтарын бір ғана себеппен сатып алдық – көрермендерге бұл жоба ұнайды деп сенеміз», – деп түсіндірді.

Ал премьера өткен күні АҚШ Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Amazon әрекетінен ешқандай мәселе көрмейтінін айтты.

«Amazon – бұл бизнес. Олар табыс табу үшін жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл фильмнен де пайда көреді. Сонымен бірге оның мәдени тұрғыдан өлшеусіз құндылығы бар», – деді ол.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор