338

Атақты педофил-миллиардер Эпштейннің ісіне қатысты тағы үш миллионнан астам құжат жарияланды

АҚШ билігі миллиондаған бет тергеу материалын ашатынын мәлімдеді.

Атақты педофил-миллиардер Эпштейннің ісіне қатысты тағы үш миллионнан астам құжат жарияланды
AP Photo/Jon Elswick, File

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Әділет министрлігі қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты тергеу материалдарының қосымша ірі бөлігін ашық жариялауға шешім қабылдады.

Ведомствоның хабарлауынша, жұма күні үш миллионнан астам құжат, сондай-ақ екі мыңнан аса бейнежазба мен 180 мыңға жуық фотоматериал қоғам назарына ұсынылады.

АҚШ бас прокурорының орынбасары Тодд Бланш бұл деректер «Эпштейн файлдарының ашықтығы туралы» заң талаптарына сәйкес жарияланып отырғанын мәлімдеді. Аталған заң бірнеше айға созылған қоғамдық және саяси қысымнан кейін қабылданған.

Тодд Бланштың айтуынша, жариялау алдында барлық материалдар кешенді тексеруден өткен.

«Бүгінгі жариялау – құжаттарды анықтау және тексеру бойынша ауқымды жұмыстың аяқталғанын білдіреді. Бұл қадам америкалық қоғамға ашықтықты қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау үшін жасалып отыр», – деді ол.

АҚШ Конгресі белгілеген мерзім – 19 желтоқсанға дейін барлық файлды жариялау талабы орындалмаған. Осыған байланысты Әділет министрлігі жүздеген заңгерді іске тартып, материалдарды қайта қарап шыққан. Негізгі мақсат – жыныстық қылмыс құрбандарының жеке деректерін қорғау.

Ведомствоның түсіндіруінше, кейбір материалдар әлі де жарияланбайды. Олардың қатарында жүріп жатқан тергеуге нұқсан келтіруі мүмкін немесе жәбірленушілердің жеке басын әшкерелейтін ақпарат бар.

Бланштың мәліметінше, жарияланатын бейнежазбалар мен фотоматериалдардан Гислейн Максвеллден өзге барлық әйелдердің бейнесі алынып тасталған.

Қазір тексерілуге тиіс материалдардың жалпы көлемі, қайталанатын құжаттарды қоса алғанда, шамамен алты миллион параққа жеткен.

Айта кетейік, желтоқсан айында АҚШ Әділет министрлігі Эпштейн ісіне қатысты ондаған мың бет материалды – фотосуреттерді, жауап алу хаттамаларын, қоңыраулар журналдарын және сот құжаттарын жариялаған болатын. Олардың басым бөлігі бұрын да ашық дереккөздерде болған немесе елеулі түрде қысқартылып берілген.

Сол материалдардың ішінде 1990-жылдары Дональд Трамптың Эпштейннің жеке ұшағымен ұшқанын көрсететін ұшу журналдары, сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның бірнеше фотосуреті де бар.

Алайда Дональд Трамп та, Билл Клинтон да Эпштейн ісі аясында қандай да бір құқықбұзушылық жасады деп ресми түрде айыпталған емес. Екеуі де Эпштейннің кәмелетке толмағандарға қатысты әрекеттерінен хабарсыз болғандарын мәлімдеген.

Бұған қоса, өткен айда ФБР агенттерінің куәлік хаттамалары да жарияланды. Онда бірнеше қыз бен жас әйел Эпштейн үшін көрсетілген қызметтер үшін ақша алғанын айтқан.

Джеффри Эпштейн 2019 жылы Нью-Йорктегі тергеу изоляторында қаза тапқан. Ол бір ай бұрын федералдық деңгейде адам саудасына қатысты айыптар бойынша жауапқа тартылған еді.

Бұған дейін, 2008–2009 жылдары Эпштейн Флорида штатында кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту дерегі бойынша кінәсін мойындап, түрме жазасын өтеген. Тергеу материалдарында оның Палм-Бичтегі үйінде жасөспірім қыздарға зорлық көрсеткені туралы айғақтар болғанымен, федералдық прокуратура ол кезде қудалаудан бас тартып, жеңілдетілген айыппен келісімге барған.

2021 жылы Нью-Йорк соты Эпштейннің серіктесі болған Гислейн Максвеллді кәмелетке толмағандарды жыныстық қанауға тартуға көмектесті деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын Техаста өтеп жатыр және өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Эпштейн ісі бойынша басқа адамдарға қатысты ресми айып тағылған жоқ. Алайда жәбірленушілердің бірі Вирджиния Робертс Джуффре сот талап-арыздарында Эпштейн өзін 17–18 жасында ықпалды саясаткерлермен, ірі бизнес өкілдерімен және басқа да танымал тұлғалармен байланысқа түсіргенін мәлімдеген. Бұл айыптаулардың барлығы сол тұлғалар тарапынан жоққа шығарылған.

Олардың қатарында бұрын Ұлыбритания ханзадасы атанған Эндрю Маунтбеттен-Виндзор да бар. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамағанымен, азаматтық талапты құпия сомаға реттеген.

Материал авторы