Жаңа Конституцияда «Шетелдіктерге жер сатуға рұқсат беріледі» деген ақпарат тарады
Ведомство жерге қатысты бап туралы мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жаңа Конституция жобасына қатысты «шетелдіктерге жер сатылады» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны ресми түрде мәлімделді.
Дезинформациямен күрес орталығы интернет кеңістігінде жаңа Конституция жобасының мазмұнына қатысты жалған мәліметтер таралып жатқанын хабарлады.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жаңа Конституция жобасында шетел азаматтарына жер сату жөніндегі тыйым алынып тасталды деген ақпарат тарап жатыр.
Алайда ведомство бұл мәліметті ашық түрде жоққа шығарды.
Дезинформациямен күрес орталығының мәліметінше, қолданыстағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабының 3-тармағында көрсетілген «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ өзге де табиғи ресурстар» туралы норма жаңа Конституция жобасында да дәл сол күйінде сақталған.
Яғни аталған баптың мазмұнына ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
Орталық өкілдері Конституциялық реформа жөніндегі комиссия да бұл нормалардың өзгеріссіз қалуы тиіс екенін ресми түрде растағанын атап өтті.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығы туралы ережелердің құқықтық мәртебесі күшейтілген.
Егер бұрын бұл қағидалар қорытынды және өтпелі ережелерде ғана көрсетілсе, жаңа жоба бойынша олар Конституциялық құрылымның негіздері ретінде бастапқы тарауларда бекітілген. Бұл аумақтық тұтастық пен мемлекеттің негізгі қағидаттарының өзгермейтіндігін құқықтық тұрғыдан одан әрі нығайта түседі.
Ведомство өкілдері шетелдіктерге жер сатуға тыйым алынып тасталды деген мәлімдемелердің ешқандай құқықтық негізі жоқ екенін және қоғамды әдейі адастыруға бағытталғанын қадап айтты.
Дезинформациямен күрес орталығы азаматтар мен медиа өкілдерін ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырып, жалған әрі манипуляциялық мәліметтерді тарату заңдық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Материал авторы