Қарағандыда үйден ақша мен алтын салынған сейф ұрлаған күдікті қолға түсті (ВИДЕО)
Күдікті бұрын сотталған боп шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда жеке үйден ақша мен алтын сақталған сейфті қолды қылған күдікті ұсталды.
Полицияның мәліметінше, жаңа жыл мерекелері кезінде үй иелері қала сыртында болған сәтті пайдаланған 30 жастағы ер адам тұрғын үйге заңсыз кіріп, ірі көлемде ұрлық жасаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті терезе жақтауын сығып ашып, үй ішіндегі ақша мен алтын бұйымдар салынған сейфті алып кеткен. Ер адам бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болғаны анықталды.
Қарағанды облыстық полиция департаменті бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, үй иелері демалыстан оралғанда оларды күтпеген жағымсыз жағдай қарсы алған.
«Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгені құрады. Күдіктінің мойындау жауабынан бөлек, Қарағанды қаласындағы жалдамалы пәтерінен ұрланған сейф табылып, бұл оның кінәсін дәлелдейтін айғаққа айналды», – деді ол.
Күдіктіні ұстау операциясы полиция қызметкерлері мен арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесінің жауынгерлерінің қатысуымен жүргізілген.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында күдіктінің жүрген бағыттары зерделеніп, оның Қарағанды аумағында бұрын тіркелген өзге де ашылмаған ұрлықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Материал авторы