SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде 2 ақпан күні ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық құбылыстар 1 ақпан кешкі сағат 20:00-ден 2 ақпан 20:00-ге дейін сақталады. Бірқатар аймақта тұман, көктайғақ, қар, бұрқасын, жауын-шашын және желдің күшеюі күтіледі.
Алматы облысында жел бағыты оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, облыстың шығысында екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман мен көктайғақ күтіледі. Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал және Қызылорда қалаларында да осы құбылыстар тіркелуі мүмкін.
Жамбыл және Түркістан облыстарының батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 15–20 м/с болады. Тараз қаласында тұман күтіледі.
Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, ал батысы мен солтүстігінде тұман түседі.
Павлодар облысында батысы мен оңтүстігінде қар мен бұрқасын күтіледі, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді, солтүстігі мен шығысында тұман болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде тұман түсіп, күндіз батыс бөлігінде жел екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Петропавл қаласында да тұман күтіледі.
Абай облысының Семей қаласында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Өскемен және Риддер қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты екінші дәрежелі ескерту сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында тұман күтіледі. Өскеменде түнде және таңертең көріну қашықтығы төмендейді.
Мамандар жол қозғалысына қатысушыларды ауа райының нашарлауын ескеріп, алыс жолға шығуды шектеуге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
RUS