Әбу-Дабидегі Украина-АҚШ-Ресей келіссөзі кейінге қалдырылды
Әбу-Дабиде өтетін келіссөздер неге кейінге шегерілгені белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әбу-Дабиде өтуі тиіс Украина, АҚШ және Ресей арасындағы келіссөздер кейінге шегеріліп, жаңа мерзімі 4-5 ақпан болып бекітілді.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Оның айтуынша, консультациялар бұған дейін жоспарланғандай 1 ақпанда басталмайды. Ақпаратты Kazinform агенттігі BILD басылымына сілтеме жасап таратты.
Зеленский Украина тарапы келіссөздерге «мазмұнды әрі нақты әңгімеге» дайын екенін жеткізді.
Дереккөздердің мәліметінше, тараптар арасында бірқатар техникалық мәселелер бойынша ілгерілеу бар. Алайда негізгі саяси түйткілдер әлі де шешімін таппаған.
Сонымен қатар АҚШ Мәскеумен бөлек арна арқылы байланысын жалғастырып жатыр. АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Майамиде Ресей өкілі Кирилл Дмитриевпен өткен кездесуді «өнімді» деп бағалаған.
Айта кетейік, бұған дейін Зеленский АҚШ әзірлеген бейбіт жоспарды алғанын және оны АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылайтынын хабарлаған.
Материал авторы