284

Алматыда жүк көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді (ВИДЕО)

Базар маңында жол апаты адам өлімімен аяқталды.

Алматыда жүк көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жүк көлігінің астында қалған жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты.

Қайғылы жол-көлік оқиғасы 31 қаңтар күні Розыбакиев көшесі мен Райымбек батыр даңғылының қиылысында болған. Dorpat.kz сайты хабарлағандай, бейнежазбада ер адамның жолды кесіп өтіп бара жатқан сәтінде жүк көлігі қағып кеткені көрінеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соқтығыс салдарынан жаяу жүргінші алған ауыр жарақаттардан сол жерде көз жұмған.

Оқиға көтерме-бөлшек сауда нарығы маңында тіркелген. Бұл аумақта күн сайын көлік қозғалысы қарқынды, ал жаяу жүргіншілер саны өте көп.

Патрульдік полиция полкінің рота командирі Мирас Мұқашев жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

«Жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де барынша мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындауға үндейміз», – деді ол.

Полиция дерегінше, аталған аумақта азаматтардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі жиі тіркеледі. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғатынын ескертеді.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері бұл учаскеде тұрақты рейдтік шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

«Бақылау жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де күшейтіледі. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Материал авторы