Кореяда зауыттағы алапат өрт кезінде жоғалған қазақ азаматы әлі табылмады
Өрт кезінде 81 адам ғана құтқарылып, екі адам жоғалып кетті. Соның бірі – Қазақстан азаматы.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оңтүстік Кореяда тауар өндіретін зауытта ірі өрт шығып, Қазақстан азаматын қоса алғанда екі жұмысшы із-түзсіз жоғалды. Кейін кәсіпорын аумағынан бір адамның мәйіті табылып, оның кім екені анықталып жатыр. Бұл ақпаратты «Вся Корея» Telegram-арнасы таратты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт кәсіпорынның бес корпусының үшеуін шарпыған. Жалпы аумағы небәрі 24 мың шаршы метр болатын өндірістік аймақ түгелге жуық жалынға оранған. Қатты жел салдарынан өрт маңайдағы төбеге өтіп, шамамен 1 мың шаршы метр орман алқабы жанып кеткен. Жақын маңдағы нысандар да ішінара зақымданған.
Ресми дерекке сәйкес, зауытта қауіпті химиялық заттар пайдаланылмаған. Алайда тез тұтанатын материалдардың болуы және ғимараттың сэндвич-панельдерден салынуы оттың жылдам таралуына әсер еткен. Өрттің нақты шығу себебі тергеу барысында анықталады.
Оқиға кезінде зауыт аумағында болған 83 адамның 81-і дер кезінде эвакуацияланған. Ал Непал мен Қазақстан азаматтары саналатын екі жұмысшы байланысқа шықпай, жоғалғандар тізіміне енгізілген.
31 қаңтарға қараған түні сағат 00:39 шамасында екінші қабаттағы баспалдақ маңынан бір адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, бұл – жоғалған жұмысшылардың бірі. Қазір марқұмның жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші жұмысшының тағдыры әлі белгісіз.
Өрт салдарынан ғимарат қатты зақымданған. Металл конструкциялар жоғары температурадан майысып, кейбір бөліктері опырылып түскен. Бұл жағдай ішке кіруді қиындатып отыр. Құтқарушылар үйінділерді аршу үшін ауыр техниканы пайдаланып жатыр.
Қазіргі уақытта өрттің салдарын жоюмен қатар, үйінділерді тазалау және іздестіру-құтқару операциясы жалғасуда.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кореяның тиісті қызметтерімен және жоғалған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылғанын мәлімдеді.
«2026 жылғы 30 қаңтарда Корея Республикасының Мендон-мен қаласында азық-түлік пен сусын өндіретін кәсіпорында өрт шықты. Өрттен кейін бірден 81 қызметкер эвакуацияланды. Алайда екі жұмысшының, оның ішінде Қазақстан азаматының қайда екені белгісіз күйінде қалды.
Полиция мен өртке қарсы қызметтің мәліметінше, 31 қаңтар күні таңертең өртенген цех ішінен жеке басы анықталмаған мәйіт табылды. Қазір марқұмның кім екенін анықтау үшін Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына сараптама тағайындалды», – деп хабарлады ведомство.
Қазақстан елшілігі полициямен және өрт сөндіру қызметімен, сондай-ақ жоғалған Қазақстан азаматының жақындарымен тұрақты байланыста және істі бақылауда ұстап отыр.
Материал авторы