Қазақстанда авиаотын арзандады: Билік әуежайлар арасындағы бәсекені күшейтуді көздеп отыр
Әуежайларға табыстың 50-60 пайызы жанармай сатудан түскен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда авиаотын бағасы әкімшілік шешіммен төмендетіліп, бұған дейін табысының жартысынан көбін жанармай сатудан тауып келген әуежайлар кірістен айырылып отыр. Соның салдарынан әуежай алымдары мен қызмет тарифтерін көтеру мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов «24KZ» телеарнасының «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұрын авиакеросинді сату құқығы негізінен әуежайлардың өзінде болып, олар жалпы табысының 50–60 пайызын дәл осы қызметтен алып келген.
«Қазір біз нарыққа «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясын кіргізіп отырмыз. Соның есебінен баға төмендейді, ал әуежайлар ұлттық компаниямен бәсекеге түсіп, өз бағасын түсіруге мәжбүр болады. Бірақ екінші жағынан, әуежайлардың кірісі қысқарады. Осыған байланысты қазіргі уақытта әуежай тарифтерін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр», – деді Сәрсен Жарылғасов.
Комитет өкілі қабылданып жатқан шешімдер ішкі нарықтағы авиаотын құнын төмендетуге және қазақстандық әуежайлардың өңірлік әрі халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қазір ел аумағындағы әуежайларда авиаотын бағасы тоннасына небәрі 1000 доллардан аспайды. Ал былтыр қараша-желтоқсан айларында авиакеросин құны 1200–1300 доллар деңгейінде болған.
Спикердің айтуынша, 1 қаңтардан бастап авиаотын сатумен «ҚазМұнайГаз-Аэро» ұлттық компаниясы ресми түрде айналыса бастады. Мемлекет ұлттық операторды нарыққа кіргізу арқылы әуежайлардағы монополиялық тетіктерді әлсіретіп, бағаны әрі қарай да төмендетуді көздеп отыр.