Қарағандыда хоккей матчы кезінде ойыншы көз жұмды (ВИДЕО)
Мұз айдынында 46 жастағы хоккейші кенеттен қайтыс болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандда әуесқой хоккей лигасының матчы кезінде 46 жастағы ойыншы кенеттен қайтыс болды.
Қайғылы оқиға Түнгі әуесқой хоккей лигасының ойыны басталған сәтте тіркелген. «СКА-Приозерск» командасының ойыншысы алдымен тізерлеп отыра кеткен, артынша мұз айдынына құлап, есінен танған.
Команда мүшелері дереу алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Артынша оқиға орнына жедел жәрдем қызметі шақырылғанымен, дәрігерлер спортшының көз жұмғанын растады.
Марқұмның неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.
Жарыс үйлестірушісінің айтуынша, ойыншы іссапармен келген.
«Ойыншылар сәлемдесу үшін мұзға шыққанда, ол кенеттен құлап түсті. Өзіне жайсыз болып кеткен. Алдымен команданың дәрі қобдишасын пайдаландық, кейін медицина қызметкерлері көмек көрсетті, жедел жәрдем де жетті. Бірақ аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл — жұмыстан кейін жиналып, хоккей ойнаған қарапайым ер адамдар. Ол бұл қалада уақытша, іссапарда жүрген, өзі жергілікті емес», — деді жарыс үйлестірушісі.
Материал авторы