Илон Масктың SpaceX-і xAI стартабын толық жұтып қойды: Мәміле құны 1,25 трлн долларға жетті

Ғарыш пен жасанды интеллект біріккен жоба іске қосылады.

Илон Масктың SpaceX-і xAI стартабын толық жұтып қойды: Мәміле құны 1,25 трлн долларға жетті
KRISZTIAN BOCSI/GETTY IMAGES

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы жасанды интеллект саласындағы xAI стартабын толықтай өз құрамына қосты. Мәміле нәтижесінде біріктірілген құрылымның жалпы капитализациясы 1,25 трлн АҚШ долларынажетті.

Мәміле 2026 жылғы 2 ақпанда ресми түрде рәсімделген. CNBC сілтеме жасаған құжаттарға сәйкес, осы күннен бастап SpaceX xAI холдингінің «басқарушы серіктесі» мәртебесіне ие болды. Бұл холдингтің құрамына әлеуметтік желі X те кіреді.

Айта кетейік, xAI үшін бұл алғашқы бірігу емес. Былтыр компания Илон Маск иелік ететін X әлеуметтік желісімен (бұрынғы Twitter) бір құрылымға біріктірілген болатын.

Қазіргі бағалаулар бойынша SpaceX-тің жеке капитализациясы шамамен 1 трлн долларды, ал xAI-дің нарықтық құны 250 млрд долларды құрайды. Осылайша, екі компанияның қосынды бағасы 1,25 трлн долларға жетіп, бұл мәміле әлемдегі ең қымбат корпоративтік бірігулердің біріне айналды.

Бұған дейінгі рекорд 25 жылдан астам уақыт бұрын Vodafone компаниясының Mannesmann-ды 203 млрд долларға сатып алуымен байланысты болған.

Нарық сарапшылары биыл SpaceX қор биржасына шығуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. IPO аясында тартылатын қосымша қаражаттың бір бөлігі xAI жобаларын дамытуға бағытталуы ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, Маск OpenAI компаниясының қарқынды дамуына жауап ретінде xAI жобасын барынша белсенді қаржыландырып отыр.

Бұған дейін xAI капиталына Таяу Шығыстан келген инвесторлар да қаржы құйған. Осы тұрғыдан алғанда, SpaceX-пен жасалған мәміле АҚШ реттеуші органдарының назарын аударуы мүмкін. Себебі америкалық қадағалаушы құрылымдар компаниялардың қаржыландыру көздеріне ерекше мән береді.

xAI өзі де АҚШ үкіметтік құрылымдарына қызмет көрсететін мердігер саналады. Алайда SpaceX-тің мемлекеттік ғарыш бағдарламаларына тікелей қатысуы компанияны ұлттық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналдырып отыр.

Алдын ала бағалаулар бойынша, SpaceX 2025 жылы 15–16 млрд доллар көлемінде табыс тапқан. Оның шамамен жартысы таза пайда ретінде компания балансында қалған.

Илон Маск деректерді өңдеу орталықтарын ғарышта орналастыру идеясының тиімділігіне сенімді екенін де мәлімдеді.

«Алдағы екі немесе үш жыл ішінде жасанды интеллект саласындағы ең арзан есептеу қуаты ғарышта болады деп есептеймін», – деді ол.

Осы көзқарас тұрғысынан SpaceX пен xAI-дің бірігуі логикалық шешім ретінде бағаланғанымен, тәуелсіз сарапшылар таяу болашақта SpaceX xAI жобалары үшін негізгі қаржылық донорға айналуы мүмкін екенін айтады. Олардың болжамынша, SpaceX IPO-ға 1,5 трлн долларлық бағамен шығуы ықтимал.

Мәміле шарттарына сәйкес, xAI акционерлері өздеріндегі әрбір акция үшін SpaceX-тің 0,1433 акциясын алады. Сонымен қатар xAI-дің бірқатар топ-менеджерлеріне үлестерін ақшалай өтеу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл жағдайда әрбір SpaceX акциясы 75,46 доллар көлемінде бағаланады.

Илон Маск мәмілені эмоциялық түрде былай сипаттады:

«Бұл SpaceX пен xAI миссиясы үшін жай ғана жаңа тарау емес, тұтас жаңа кітаптың басталуы. Жаңа ауқым ғаламды түсінуге көмектесетін ақылды жүйелерді қалыптастырып, сананың жарығын жұлдыздарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді».

Материал авторы