Жамбылда ер адам әріптесінің ноутбугін ұрлағаны үшін сотталып кетті
500 мың теңгелік ноутбук үшін сот отырысы өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында сақтандыру компаниясының қызметкері әріптесінің ноутбугін ұрлағаны үшін сотталды. Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айының соңында болған.
Сот материалдарына сәйкес, сақтандыру компаниясының киоскісінде жұмыс істеген қызметкер әріптесі жұмыс орнында жоқ сәтті пайдаланып, құны 500 мың теңге тұратын ноутбугін жасырын алып кеткен. Ол техниканы кейін сатып жіберуді жоспарлаған.
Айыпталушының кінәсі тараптардың түсініктемелерімен, заттай дәлелдемелермен және іс материалдарымен толық дәлелденді.
Сотта күдікті кінәсін толық мойындап, қылмысқа баруына ауыр қаржылық жағдайы себеп болғанын айтқан және бас бостандығынан айырмауды сұраған. Жәбірленуші тарап айыпталушыға талап қоймайтынын мәлімдеп, үкімді соттың қарауына қалдырды.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шынайы өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде танып, ауырлататын жағдайларды анықтамады.
Нәтижесінде сот Жамбыл облысының тұрғынын ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.
Материал авторы