SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов қызметінен босатылды.
Бұл ақпаратты Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
«Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжалға қатысты видео тараған болатын. Осы жағдайға байланысты облыс әкімдігі түсініктеме берген.
ММА-дан әлем чемпионы Айдар Махметовтің мәліметінше, Сәпиев пен Есімханов арасындағы келіспеушілік тек қызметтік мәселелерге байланысты туған. Атап айтқанда, қажетті құжаттарды ұсыну мәселесі бойынша түсінбеушілік болған. Оның айтуынша, қандай да бір күш қолдану дерегі болмаған, «ешкім ешкімді ұрған жоқ».
Тараптар өзара ортақ келісімге келіп, жағдай толық реттелгені хабарланды.
Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын 2024 жылдың қараша айынан бері басқарған.
RUS