484

Абай облысында ішінде 50 жолаушы отырған автобус аударылып кетті

Жолаушылар вахталық жұмысқа бара жатқан.

Абай облысында ішінде 50 жолаушы отырған автобус аударылып кетті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында Семей – Қайнар бағытындағы жолда жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Оқиға 2026 жылғы 31 қаңтарда тіркелген.

Полиция департаментінің мәліметінше, сағат 10:30 шамасында «102» арнасына Семей – Қайнар автожолының 62-шақырымында, Знаменка ауылы маңында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабар түскен.

Алдын ала дерек бойынша, 52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы қалааралық автобус жолдан шығып кетіп, бүйірімен аударылған.

Салонда небәрі 50 жолаушы болған. Олар вахталық жұмысқа бара жатқан қызметкерлер екені нақтыланды.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушылар түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды. Зардаптардың ешқайсысы өміріне қауіп төндірмейді. Барлық жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша тексеру басталды. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.

Полиция жүргізушілерді қыс мезгілінде қалааралық жолдарда жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескеруге, сондай-ақ барынша сақ болуға шақырды.

Материал авторы