Павлодарда әйел адам зейнетақысын сот арқылы көбейтіп алды
Мүгедек баласына күтім жасаған әйел әділдікке жетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында сот зейнетақы мөлшерімен келіспеген әйелдің талабын қанағаттандырып, оның еңбек өтілін қайта есептеуге құқық берді. Бұл туралы облыстық сот мәлімдеді.
Іс материалдарына сәйкес, азаматқа жасына байланысты зейнетақы тағайындалғанда 1992–2001 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі баласына күтім жасаған кезең еңбек өтіліне енгізілмеген. Уәкілетті орган бұл мерзімді растаушы құжаттардың болмауын негізге алған.
Азамат зейнетақының белгіленген көлемімен келіспей, аталған кезеңді еңбек өтіліне қосу құқығын тану жөнінде сотқа талап арыз түсірген.
Сот талқылауы барысында архивтік медициналық құжаттардың сақтау мерзімі өтіп кеткендіктен жойылғаны анықталды. Алайда сот өз бастамасымен уәкілетті мемлекеттік органдардан қосымша деректер сұратқан.
Жиналған мәліметтер бойынша талап қоюшының қызы бала кезінен орташа және ауыр дәрежедегі бронхиалдық демікпемен ауырғаны белгілі болды. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ, банк мекемелері мен білім басқармасының деректерінде баланың атына мүгедектігіне байланысты жәрдемақылар мен төлемдер түсетін арнайы шоттар ашылғаны көрсетілген. Медициналық көрсеткіштерге байланысты дене шынықтыру сабақтарынан босатылғаны да расталды.
Сот әлеуметтік заңнама талаптарын және даулы кезеңде қолданыста болған нормаларды ескере отырып, 1992–2001 жылдар аралығындағы уақытты мүгедектігі бар балаға күтім жасау кезеңі ретінде тануға негіз бар деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырып, әйел адамның 18 жасқа дейінгі мүгедек баласына күтім жасаған уақыты еңбек өтіліне енгізілуге тиіс деп таныды.
Шешім заңды күшіне енді.
Материал авторы