Түркістанда әйелін өлтіріп, өртеп жіберген ер адам сотталды
Қылмыс алдында көршілер полицияға хабарласқан, алайда қоңырау дер кезінде қабылданбаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Сайрам ауданының тұрғыны, 1969 жылы туған Еркін Б.-ға жұбайын қасақана өлтіргені үшін үкім шығарды.
Сотта белгілі болғандай, ерлі-зайыпты 1990 жылдан бері некеде тұрған және Ақбұлақ ауылында бірге өмір сүрген. Іс материалдарына сәйкес, соңғы жылдары отбасында тұрақты жанжал болған. Тұрмыстық кикілжіңдер негізінен мүліктік мәселелерге байланысты туындаған.
2025 жылғы 19 шілдеде ер адам үйінде сақтап қойған құнды заттардың жоғалғанын байқап, сол күні жұбайымен тағы да жанжалдасқан. Әйелінің мас күйде келгені, кейін үйден шығып кеткені сотта айтылды.
Кейін айыпталушы жұбайын ауыл шетінен тауып, араларында тағы да сөзге келіспеушілік болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, сол сәтте ер адам әйеліне күш қолданып, оны қылмыстық жолмен өмірінен айырған.
Іс барысында маңызды жайттардың бірі ретінде әйелдің өлім қаупі жөнінде көршілері арқылы полицияға қоңырау түскені, алайда сол хабарламаға дер кезінде әрекет жасалмағаны анықталды.
Сот үкімімен Еркін Б. 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, төрағалық етуші судья Марат Күздеубаев Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығына арнайы қаулы жолдап, полиция қызметкерлерінің қоңырауға уақытында жауап бермеу фактісіне құқықтық баға беруді міндеттеді. Соттың пікірінше, бұл әрекетсіздік ауыр салдарға әкелген.
Материал авторы