SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда үш жасар қызын соққыға жықты деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Ауыр жарақат алған Ақжарқын Жұмақанова жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін палатаға ауыстырылды.
КТК арнасының дерегінше, оқиға анасы моншада болған сәтте болған. Балалар әкесінің қарауында қалған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан баланың бетінде, арқасы мен іш тұсында жарақат белгілері бары байқалады.
Баланың анасы Жадыра Жұмақанованың айтуынша, ол үйден небәрі жарты сағатқа ғана шығып кеткен.
«Қызымның арқасында, бетінде және ішінде көгерген жерлер бар. Дәрігерлер ішкі ағзалары зақымданғанын айтты. Мен небәрі жарты сағатқа шығып кеттім. Сол уақыттың ішінде қызымды сабап үлгерген. Өзі мас болған. “Неге Ақжарқынға қол көтердің?” деп сұрадым. Ол ұрғанын мойындамады», – дейді анасы.
Ерлі-зайыптылар бес жыл некеде тұрған. Әйел – 30 жаста, ер адам – 37 жаста. Отбасында екі бала бар, үлкені – үште, кішісі – екі жаста. Анасының айтуынша, күйеуі алкоголь ішкен күйі жиі келіп, өзіне де қол көтеріп жүрген.
«Мас болып кеп, жиі ұратын. Өзгерер деп сеніп, шыдадым. Бірақ қызым соққы көрген соң полиция шақыруға мәжбүр болдым», – дейді ол.
Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев күдіктінің ұсталғанын растады.
«Полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты мекенжайына жедел жетті. Мас күйде болған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ол.
Дәрігерлердің мәліметінше, Ақжарқын бұрыннан ауыр дертпен күресіп келеді. Бір жылдан астам уақыт бұрын оған бауыр трансплантациясы жасалған. Бала бауыр циррозы диагнозымен есепте тұрған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақжарқынды шетелде емдету үшін қомақты қаражат жиналған. Бұл іске «Солнце в ладошках» қайырымдылық қоры араласқан. 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына пікір білдірген қор өкілі Екатерина Доброва сол кезеңде-ақ отбасындағы жағдай алаңдатарлық болғанын айтты.
«Өкінішке қарай, әкесі баланың бауырын ауыстыруға қарсы болды. Бізге де агрессия танытып, құжат жинауға кедергі келтірді. Мен анасынан тікелей “күйеуіңіз ұра ма?” деп сұрадым. Ол “иә, ұрады, одан қорқамын” деді. Сол кезде баланың жағдайы өте ауыр еді. Қысқа уақытта шамамен 50 мың доллар жиналып, Түркияда ота сәтті жасалды», – деді ол.
Алайда бұл жолы бала әкесінің соққысынан кейін қайтадан ауруханаға түсті. Қазір Ақжарқын дәрігерлердің тұрақты бақылауында, жанында анасы бар. Отбасы балалардың құқықтарын қорғау органдарының ерекше бақылауына алынды.
Жетісу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Егінбаев баланың жағдайымен жеке танысқанын мәлімдеді.
«Бүгін таңертең ауруханаға барып, дәрігермен сөйлестім. Анасына да жолығып, қажет болған жағдайда хабарласуы үшін жеке нөмірімді қалдырдым», – деді ол.
Жергілікті омбудсмен күдіктіні ата-ана құқығынан айыру жөнінде ұсыныс енгізілгенін хабарлады. Бұл мәселені арнайы комиссия қарайды.
Полиция «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
RUS