390

«Әжесінің күйеуі»: Ақтөбеде мектеп оқушысы өзін зорлаған зейнеткерден бала туды

Кәмелетке толмаған қызды зорлаған зейнеткер бас бостандығынан айырылды.

«Әжесінің күйеуі»: Ақтөбеде мектеп оқушысы өзін зорлаған зейнеткерден бала туды
JoyTasa / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған мектеп оқушысын зорлады деп айыпталған зейнеткерге қатысты сот үкімі шықты.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өңірдегі ауылдардың бірінде тұратын 64 жастағы ер адамды кінәлі деп таныды.

Сотта анықталғандай, 14 жастағы мектеп оқушысы айыпталушыдан жүкті болып, 2025 жылдың күзінде бала босанған. Ер адам қыздың туған атасы емес, әжесінің заңды некедегі күйеуі болып шыққан.

Сот үкіміне сәйкес, айыпталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды зорлау») және 124-бабының 3-бөлігі («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас») бойынша кінәлі деп танылды.

Судья Алтынбек Сабыровтың қаулысымен ер адамға 120-баптың 4-бөлігі бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 124-баптың 3-бөлігі бойынша 12 жыл жаза белгіленді. Баптардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза – 21 жылға бас бостандығынан айыру.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші – 9-сыныпта оқыған қыз. Оның жүкті болғаны тек босану кезінде ғана белгілі болған.

Сотта жарияланған деректерге қарағанда, қыз 2025 жылы бірнеше рет медициналық тексеруден өткен. Атап айтқанда, 13–18 наурыз аралығында аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы лагерьге бару үшін, ал 10 қыркүйекте ата-анасымен бірге жоспарлы тексеруден өткен. Алайда дәрігерлер сол кезеңдерде жүктілікті анықтамаған.

Осы жағдайға байланысты өңірде қызметтік тексеру жүргізілгені белгілі болды.

Резонанс тудырған қылмыс 2025 жылдың күзінде Ақтөбе облысында болған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор