SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда «қытай медицинасы» деген атаумен жұмыс істеп жүрген емдеу орталықтарының қызметі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдап, лицензиясыз және талапқа сай емес қызмет көрсететін орталықтарға қатаң бақылау енгізуді талап етті.
Депутаттың айтуынша, Астана қаласынан және өзге өңірлерден «шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты көптеген шағым түскен.
Аманжол Әлтайдың мәлімдеуінше, азаматтар лицензиясыз немесе тиісті біліктілігі жоқ адамдардың медициналық қызмет көрсетуі, инвазивті процедуралардың санитариялық талаптарды сақтамай жүргізілуі және тіркелмеген препараттардың қолданылуы жөнінде дабыл қағып отыр.
«Ауыр диагноздарды емдейміз деп уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері жиілеген. Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып кетіп жатыр», – дейді депутаттық сауалда.
Депутат әсіресе өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалап жүрген, тегі мен кәсіби мәртебесі белгісіз Қытай Халық Республикасының азаматтарына назар аударды.
«Төрт-бес ай халықтың сеніміне кіріп, кейін орталығын жауып, ізін суытатын жағдайлар бар. Бұл – пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп», – деп атап өтті Аманжол Әлтай.
Оның сөзінше, Қазақстанда «дәстүрлі қытай медицинасы» атауымен көрсетіліп жүрген қызметтердің бір бөлігі заңнамаға сәйкес толыққанды медициналық қызметке жатады және лицензия мен арнайы біліктілікті талап етеді. Алайда іс жүзінде көптеген орталықтарда бұл талаптар сақталмай отыр.
Депутат инвазивті ем-дом жүргізілетін орталықтарда стерильділік талаптарының бұзылуы, медициналық қалдықтардың дұрыс жойылмауы және қауіпсіздік хаттамаларының сақталмауы туралы сигналдар көбейгенін айтты.
Сонымен бірге «препарат», «дәрумен», «қоспа» ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы да күмән туғызады. Ал интернеттегі жарнамаларда ауыр дерттерді «емдеп береміз» деген уәделердің көбеюі халықты жаңылыстырып, қауіп-қатерді күшейтіп отыр.
Осыған байланысты депутат Денсаулық сақтау министрлігін бірқатар нақты шара қабылдауға шақырды.
Атап айтқанда, Аманжол Әлтай:
– «қытай медицинасы» және өзге баламалы қызмет түрлерін құқықтық тұрғыдан нақты жіктеуді;
– инвазивті процедура жасайтын орталықтарға бақылауды күшейтуді;
– шетел азаматтарының медициналық қызметін міндетті түрде цифрлық реестр арқылы ашық көрсетуді;
– тіркелмеген препараттар мен интернет-жарнаманы ведомствоаралық деңгейде қатаң бақылауды;
– азаматтарға лицензия мен дәрілік заттардың заңдылығын тексеру жолдарын түсіндіретін ақпараттық жұмысты күшейтуді талап етті.
Депутат министрліктен бұл мәселені бақылауға алып, қажет болған жағдайда өңірлік департаменттер мен уәкілетті органдарды тарта отырып, кешенді тексеру жүргізуді сұрады.
RUS