SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов діни қызметкерлердің заңсыз некелерді рәсімдеуіне байланысты жауапкершілікті күшейту қажет екенін мәлімдеді.
4 ақпанда Парламент Мәжілісінің кулуарында сөйлеген депутат ресми некеде тұрған ер адамға екінші рет неке қию рәсімін өткізетін имамдарға қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату мәселесін көтерді.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, жаңа Конституция жобасы қабылданған жағдайда, діни қызметкерлердің мұндай әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтуге құқықтық мүмкіндік пайда болады. Бұған дейін мұндай бастамалар заңдық шектеулерге тіреліп келген.
«Дін мемлекеттен бөлек болуы тиіс. Әсіресе діни рәсімнің тасасында заңсыз некелерді заңдастыруға жол беруге болмайды. Мұндай жағдайда ең алдымен әйелдер мен балалардың құқықтары бұзылады. Олар әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан қорғансыз күйде қалады», – деді депутат.
Оның айтуынша, Конституцияның жаңа жобасында неке ұғымына ерекше назар аударылған. Құжатта неке «бір ер адам мен бір әйелдің ерікті одағы» ретінде бекітіліп, мемлекеттің қорғауында болатыны нақты көрсетіледі.
Депутат бұл тұжырым кез келген екіұшты түсіндіруге жол бермеу үшін енгізіліп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ Мұрат Әбенов бұған дейін екінші некелерді заңдастыру немесе тоқалдан туған балаларға ерекше құқықтық мәртебе беру жөнінде ұсыныстар болғанын еске салды. Оның пікірінше, мұндай бастамалар заңды некедегі әйелдер мен балалардың құқықтарына тікелей нұқсан келтіреді.
Депутаттың айтуынша, қоғамның басым бөлігі отбасы мен некенің дәстүрлі түсінігін қолдайды.
RUS