Ақмолалық әйел тиктоктағы жарнаманың кесірінен 4,6 млн теңгесінен айырылды
Тұрғын өз ұлын да алаяқтардың схемасына тартқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, TikTok-тағы жалған инвестиция жарнамасына сенген ақмолалық әйел небәрі бірнеше айда 4,6 млн теңгеден астам қаржысынан айырылып, ұлын да қарызға батырған
Ақмола облысында 60 жастағы тұрғын TikTok әлеуметтік желісінде тараған жалған инвестициялық жарнамаға алданып, миллиондаған теңгесін жоғалтты. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жәбірленуші — Шортанды ауданының тұрғыны. Ол бірнеше айдың ішінде алаяқтардың нұсқауымен 4,6 млн теңгеден астам қаражатты үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударған.
Әйел TikTok желісінен «тез әрі оңай табыс табуға болады» деген жарнаманы көріп, белгісіз инвестициялық платформаға тіркелген. Алаяқтар оған акция сатып алып, қысқа мерзімде жоғары дивиденд алуға уәде берген.
Сақтықты естен шығарған тұрғын сол күні-ақ 1 333 000 теңге көлемінде алғашқы несие рәсімдеп, өзін «қаржылық кеңесші» ретінде таныстырған адамның нұсқауымен қаражатты бірнеше транзакция арқылы бөгде адамдардың шоттарына жіберген.
Кейін ол тағы төрт несие мен бөліп төлеу рәсімдеп, жалған схемаға өз ұлын да тартқан.
Алаяқтар «пайыздық табысты шығару үшін» верификациядан өту керек деген желеумен әйелден ұлының көмегін сұрауды талап еткен. Анасының өтінішіне күмән келтірмеген ер адам қажетті әрекеттерді орындаған. Кейін оның атына ірі көлемде несие рәсімделгені анықталған.
Қазіргі таңда келтірілген жалпы шығын 4,6 млн теңгеден асып отыр. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Материал авторы