620

Түркістан облысында пойыз теміржол қызметкерін қағып кетті

Қостуын станциясында жұмысшы қаза тапты.

Түркістан облысында пойыз теміржол қызметкерін қағып кетті
@egovpress

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында Алматы – Маңғыстау бағытымен қатынап келе жатқан жолаушылар пойызы адамды қағып кетті. Оқиға салдарынан адам қаза болды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы хабарлады.

Алғашқы ақпарат Telegram желісіндегі egovpress арнасында жарияланды. Онда Қостуын станциясында теміржол бойында адамның болуы салдарынан пойыз машинисі шұғыл тежеу қолданғаны, алайда соған қарамастан адамды басып кеткені көрсетілген.

Оқиғаға қатысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.

«Қайғылы жағдай 2 ақпан күні сағат 16:10 шамасында Арыс – Түркістан аралығында, Қостуын станциясында болды. №77 «Алматы – Маңғыстау» бағытындағы жолаушылар пойызы 78 шақырым жылдамдықпен келе жатқан кезде, машинист шұғыл тежеу қолданғанына қарамастан, адамды қағып кетті. Оқиға өліммен аяқталды», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Компанияның нақтылауынша, қаза тапқан азамат ведомстволық теміржол күзеті қызметінің қызметкері болған.

Аталған дерек бойынша қазір арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор