Зеленский: «Ресей маған бірнеше рет қастандық жасауға тырысты»
Зеленский Ресей арнайы қызметтері өзіне қарсы әрекет еткенін растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский француздың Le Monde газетіне берген сұхбатында Ресейдің арнайы қызметтері өзіне қарсы бірнеше рет қастандық жасауға әрекеттенгенін мәлімдеді. Бұл туралы оның сөзін «РБК-Украина» келтіреді.
Зеленскийдің айтуынша, қауіп-қатер соғыс басталғалы бері оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.
«Қорқыныш туралы айтсақ, Ресей мені бірнеше рет жоюға тырысты. Бастапқы кезеңдегідей үрей қазір жоқ. Уақыт өте келе адам мұндай жағдайға бейімделеді. Бұл – менің өмірімнің бір бөлігі», – деді Украина президенті.
Басылым еске салғандай, Зеленский 2024 жылы да барлау органдарының деректеріне сүйене отырып, өзіне қарсы кемінде он шақты қастандық әрекеті тіркелгенін хабарлаған болатын. Материалда Ресей тарапынан Украина басшылығының өзге де жоғары лауазымды өкілдеріне қарсы әрекеттер жасалғаны айтылған.
Атап айтқанда, Украинаның Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Василий Малюк бір жолы өзі бет алған басқару пунктіне соққы жасау үшін «Искандер» типіндегі екі зымыран қолданылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер саны әлдеқайда көп және бұл жағдайлар жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді.
Бұған дейін Владимир Зеленский Украинадағы соғыстың қашан аяқталуы мүмкін екені жөнінде де пікір білдірген.
Материал авторы