SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды әкімі Мейрам Қожықов әрбір әкім мен мемлекеттік қызметкерге, мүмкіндігінше, баспанасыз жануарлар панасынан алынған ит сыйлау керек деген ұсыныс айтты.
Бұл бастама қала әкімі Мейрам Қожықовтың қоғам өкілдерімен, ветеринария басқармасы және полиция қызметкерлерімен өткен кездесуде көтерілді. Жиын барысында қатысушылар Қарағандының жеке секторларында қаңғыбас иттердің саны көп екенін мәселе ретінде ортаға салған.
Осыған байланысты қала басшысы күтпеген ұсыныс білдірді.
«Бір ұсыныс бар. Әрбір әкімге немесе мемлекеттік қызметкерге ит сыйлау керек. Мұның ішінде бір ой бар. Мен өзім панадан екі күшікті алып, аудандық әріптестеріме сыйлаймын. Қыдырып жүрсін, серуендесін», – деді Мейрам Қожықов.
Кездесуге қатысушылар әкімнің бастамасын қолдады. Олардың айтуынша, егер мемлекеттік қызметкерлер ит асырауға көшсе, бұл қала ортасына да оң әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, жарықтандыру, тротуарлар мен өзге де инфрақұрылым нысандарын жоспарлау кезінде тұрғындардың күнделікті қозғалысы мен қауіпсіздігіне көбірек мән берілмек. Сонымен қатар шенеуніктердің өзі өзгелерге үлгі бола алады.
Еске сала кетейік, қаңтар айының соңында Қарағандыдағы жеке паналардың бірінде ветеринарлық станция қызметкері тазы тұқымды екі итті атып өлтіргені белгілі болған еді.
Кейінірек Қарағандыдағы жеке тұрғын үйдің ауласында тағы бір тазының атылғаны жөнінде ақпарат тарады.
Қазіргі таңда атылған иттердің иелері прокуратураға шағым дайындап жатыр.
RUS