614

Ұлынан айырылған петропавлдық әке 96 млн теңгені өзге балаларға үлестірді

Ел жинаған қаржыны ер адам өзге науқас балаларға берді.

Ұлынан айырылған петропавлдық әке 96 млн теңгені өзге балаларға үлестірді
instagram.com/da.niiar8852

 SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ем-домына ел болып қаржы жиналған қазақстандық бала Альтаирдің отбасы қалған қаражатты өзге науқас балаларға үлестірді.

Қайғылы жағдайдан кейін жеті күн өткен соң баланың әкесі Данияр көпшілікке бейнеүндеу жасап, халық қолдауына алғыс білдіріп қана қоймай, жиналған қаражаттың қалай жұмсалғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, Альтаирдің еміне жиналған қаржының пайдаланылмай қалған бөлігі — 96 миллион теңге — қазіргі таңда емге мұқтаж өзге балаларға берілген.

«Ұлымыздан айырылғанымызға жеті күн болды. Емге жиналған қаражаттың ішінде 96 миллион теңге қалды. Сол соманы қазір көмекке мұқтаж, қаржы жинап жатқан балаларға бөліп бердік», — деді ол.

Әкесінің мәліметінше, қаражат төмендегідей үлестірілген:

– Аяна Нұртаеваға — 45 миллион теңге;
– Алмаз Түсіпбекке — 25 миллион теңге;
– қалған сома Дарья есімді қызға берілген.

Сөз соңында Данияр отбасы атынан қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғыс айтты.

«Осы уақыттың бәрінде бізді қаржылай да, моральдық тұрғыда да қолдаған жандардың барлығына үлкен рақмет», — деді ол.

Материал авторы