Apple жасанды интеллектінің көмегімен жаңа құрылғы ойлап таппақ

Apple биыл ақылды көзілдірік шығаруы ықтимал.

Apple жасанды интеллектінің көмегімен жаңа құрылғы ойлап таппақ
usatoday.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Apple компаниясының бас директоры Тим Кук жасанды интеллект жақын жылдары мүлде жаңа құрылғылар санатын қалыптастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасаған сарапшы Марк Гурман хабарлады.

Компанияның ішкі жиынында қызметкерлер бәсекелестердің жасанды интеллекті бар жаңа құрылғыларды қарқынды түрде нарыққа шығарып жатқанына алаңдаушылық білдірген. Осыған жауап ретінде Тим Кук Apple-дің стратегиясы түбегейлі өзгерістерге дайын екенін атап өтті.

«Жасанды интеллектке негізделген жаңа өнімдер мен сервистер пайда болады. Бұл Apple үшін үлкен мүмкіндік. Бізді осы өзгерістер ерекше жігерлендіріп отыр», – деді компания басшысы.

Тим Куктың айтуынша, жасанды интеллект – адамзат өміріндегі ең ірі технологиялық серпілістердің бірі.

«Мен Apple-ден басқа тұтынушыларға жасанды интеллектіні барынша мағыналы әрі сапалы түрде ұсына алатын компанияны көріп тұрған жоқпын», – деді ол.

Bloomberg дерегінше, Apple биылдың өзінде жасанды интеллектке бағытталған алғашқы құрылғыларын таныстыруы мүмкін. Әсіресе, «ақылды көзілдірік» жобасы осы жылы көрсетіліп, нарыққа кейінірек шығуы ықтимал.

Сонымен бірге iOS 27 операциялық жүйесінде Health+ деп аталатын жаңа медициналық сервис іске қосылады. Бұл қызмет жасанды интеллектпен тығыз жұмыс істеп, денсаулыққа қатысты деректерді талдауға бағытталмақ.

Жиын барысында Тим Кук бұрынғы бас дизайнер Джони Айвтың стартапы OpenAI компаниясына сатылғанын да еске салды. Айв пен OpenAI бірлесіп алғашқы жеке жасанды интеллект құрылғысын биыл шығаруды жоспарлап отыр. Бейресми мәлімет бойынша, Джони Айв жасанды интеллектке арналған 15-тен 20-ға дейінгі құрылғы тұжырымдамасын әзірлеп қойған.

Apple басшысы компаниядағы кадрлық саясатқа да тоқталды. Оның айтуынша, бас директорды алмастыру мәселесі алдын ала және жүйелі түрде қаралады.

«Адамдар белгілі бір жасқа жеткенде, қызметтен кетуі – қалыпты жағдай. Сондықтан бес, он немесе он бес жылдан кейін компанияны кім басқаратынын үнемі ойлап жүремін», – деді Тим Кук.

Ол мұндай шешімдер күтпеген жағдайда қабылданбайтынын, мұрагерлік жоспар ұзақ мерзімге құрылатынын атап өтті. Айта кетейік, биыл сәуір айында Apple компаниясы өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Сонымен қатар Тим Кук компания алдында тұрған өндірістік тәуекелдердің бірі – жад тапшылығы мәселесі екенін жасырмады. Оның сөзінше, бұл бағытта операциялық директор Сабих Хан арнайы жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бұл мәселені шешуге біздің әлемдегі ең мықты команданың қауқары жетеді», – деп сендірді компания басшысы.

Бұдан бөлек, Тим Кук АҚШ үкіметі алдында еңбек мигранттарының мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді. Себебі Apple құрамында виза арқылы жұмыс істейтін шетелдік мамандардың үлесі айтарлықтай.

Материал авторы