338

«Ашаршылық құрбаны»: Павлодарлық сатушының сыраға арналған стақаны халықтың ашуын туғызды

Тұрғындар Halyk Market-тегі ашаршылықты келемеждеген тауарға қатысты қарсылық білдірді.

«Ашаршылық құрбаны»: Павлодарлық сатушының сыраға арналған стақаны халықтың ашуын туғызды
скриншот

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Halyk Market маркетплейсінде сатылымға шығарылған «Жертва голодомора» («Ашаршылық құрбаны») деген жазуы бар сыра стақаны қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды.

Әлеуметтік желі қолданушылары Halyk Market алаңында провокациялық сипаттағы тауардың еркін сатылып жатқанын байқап, бұл жағдайды көпшілікке жариялады. Аталған өнімді Павлодар қаласындағы «Vita мир» атты сатушы 11 мың теңгеге ұсынып отыр.

Қолданушылардың айтуынша, жаппай ашаршылық тақырыбын коммерциялық өнімге айналдыру – тарихи қасіретті келемеждеу әрі қоғамға құрметсіздік.

Көпшілік пікірінше, «жаппай қырғынмен, аштықпен байланысты трагедияны сауда құралына айналдыруға жол берілмеуі тиіс».

Желі қолданушылары «Масқара! Ашаршылық – халықтың жарасы, оны стақанға жазып сату деген не сұмдық?», «Осындай тауарды тексермей платформаға қалай шығарады?», «Ата-әжелеріміз аштан қырылғанда, біреулер соны саудаға айналдырып отыр» деген пікірлерді қалдырып, наразылық білдірді.

Әлеуметтік желіде бұл өнімді платформадан алып тастауды және сатушыға қатысты тексеріс жүргізуді талап еткен жазбалар көбейіп жатыр.

Қазіргі таңда маркетплейс әкімшілігінің ресми түсіндірмесі жарияланған жоқ.

Материал авторы