683

Ресейдегі соғыстан қашқан дезертир Астана әуежайында бір айдан бері қамалып отыр

Соғыстан қашқан ресейлік азамат Қазақстанға кіре алмай, әуежайда қалып қойды.

Ресейдегі соғыстан қашқан дезертир Астана әуежайында бір айдан бері қамалып отыр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей азаматы, Шешенстан тумасы Зелимхан Муртазов бір айдан астам уақыт бойы Астанадағы әуежайдың транзит аймағында қалып қойған. Ол Қазақстаннан саяси баспана сұрап өтініш бергенімен, ел аумағына кіргізілмей отыр.

Ер адам желтоқсан айының соңында Қазақстанға келген. Туыстарының айтуынша, ол Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде қатысудан бас тарту үшін елден кеткен. Алайда бүгінге дейін оның өтініші бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған, ал Муртазовты депортациялау қаупі сақталып отыр.

Зелимхан Муртазовтың ағасы Турпал Муртазовтың айтуынша, ол әскери бөлімнен қашып кеткен. Сондықтан Ресейге қайтарылған жағдайда қылмыстық қудалау мен азаптауға ұшырауы мүмкін деп қауіптенеді. Муртазов бұған дейін «Юг Ахмат» және «Запад Ахмат» бөлімшелерінде қызмет атқарған және шамамен үш жыл бойы ұрыс аймағында болған.

Туыстарының мәліметінше, Зелимхан соғыс жүріп жатқан аумақтан шығып, Қазақстан арқылы Түркияға ұшып кеткен. Алайда Түркия шекара қызметі оны елге кіргізбей, кері Қазақстанға қайтарған. Түркия тарапы оның шетелдік төлқұжатын алып қойған.

Астана әуежайына қайта жеткізілген соң, қазақстандық шекара қызметі де ұлттық қауіпсіздікке байланысты уәж айтып, оны ел аумағына өткізуден бас тартқан. Соның салдарынан ер адам әуежайдың транзит аймағында қалып қойған.

Қазір ол сол аумақтағы орындықтарда түнейді.

Ағасының айтуынша, бастапқы кезде тамақ пен қажетті заттарды Қазақстандағы таныстары интернет арқылы төлеп берген. Кейін бұл жағдай көпшілікке белгілі болған соң, көмектесетін адамдар көбейген. Оған тамақ, қаражат және ауыстыратын киім жеткізілген. Әуежай аумағында орналасқан намаз оқитын бөлмеде дәрет алуға мүмкіндік бар. Душқа бірнеше рет ғана кіре алған.

Көмек әуежай мен шекара қызметінің қызметкерлері арқылы жеткізіледі. Бөгде адамдар транзит аймағына тікелей өте алмайды. Адвокаттардың да Зелимханмен жеке әрі құпия түрде кездесуге мүмкіндігі жоқ.

Турпал Муртазовтың айтуынша, Қазақстан тарапы оған Арменияға, Беларуське немесе Қырғызстанға ұшуды ұсынған. Алайда отбасы бұл бағыттарды қауіпсіз деп санамайды. Олар аталған елдер арқылы Ресейге экстрадициялануы мүмкін деп алаңдайды. Туыстары Зелимханның Еуропа елдерінің біріне шығуына рұқсат берілуін күтуде.

Зелимхан Муртазовтың мүддесін қорғау үшін адвокаттар Рена Керимова мен Елена Жигаленок Қазақстанға жолға шыққан. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты олардың ұшағы Астанаға қона алмай, Қарағанды қаласына қонған. Қазіргі уақытта заңгерлер елордаға автокөлікпен бет алған.

Материал авторы