407

Тәліптер әйелді ұруға заң жүзінде рұқсат берді

Жаңа Қылмыстық кодекс халықаралық сынға ұшырады.

Тәліптер әйелді ұруға заң жүзінде рұқсат берді
Parwiz/REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде қабылдады. Құжат халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылардың қатаң сынына ұшырап отыр. Мамандар жаңа нормалар әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын күрт шектеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықты іс жүзінде заңдастырады деп бағалап отыр.

The Sunday Guardian басылымының мәліметінше, құжаттағы бірқатар баптарда жауапкершілік тең емес белгіленген. Әйелге келтірілген зиян үшін көзделген жаза кейбір зорлыққа қатысы жоқ құқық бұзушылықтардан да жеңіл болып отыр.

Ең үлкен наразылық Қылмыстық кодекстің 32-бабына байланысты туындады. Бұл бап ерлі-зайыптылар арасындағы күш қолдану мәселесін реттейді. Аталған нормаға сәйкес, күйеуі әйелін ұрып-соғып, күш қолданғаны дәлелденсе де, ол небәрі 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Бұл үшін жәбірленуші сотта зорлық фактісін өзі дәлелдеуге тиіс.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, жаңа кодекс жеке адамның құқығынан гөрі әлеуметтік бақылау, патриархалдық тәртіп пен идеологиялық талаптарды жоғары қояды. Құжат әйелдердің жүріп-тұруына, қарым-қатынасына, отбасыға қатысты шешімдеріне және жеке көзқарасына қатаң шектеулер енгізіп, оларды зорлықтан қорғау тетіктерін барынша әлсіретеді.

Сонымен қатар құжатта діннен бас тартқандарға қатысты аса қатаң нормалар қарастырылған. 58-бапқа сәйкес, ислам дінінен шыққан әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы және белгілі бір мерзім сайын жазалау шарасына тартылуы мүмкін. Бұл талап олар тәубеге келіп, исламға қайта оралғанға дейін қолданылатыны көрсетілген.

Ер адамдарға қатысты тәртіп өзгеше. Ханафи құқықтық дәстүріне сүйенген нормаларға сай, діннен бас тартқан ерлерге алдымен белгілі бір уақыт ішінде райынан қайтуға мүмкіндік беріледі. Құқық қорғаушылар бұл айырмашылықты заңдағы ашық гендерлік кемсітушілік деп атап отыр. 

Материал авторы