Халықтың несиесі 24,8 трлн теңгеге жетті
Мерзімі өткен қарыз көлемі 1 трлн теңгеден асты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда халыққа берілген несиелер көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 19,8 пайызға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Сонымен бірге бөлшек кредиттеу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда баяулаған. 2024 жылы өсім 23,9 пайыз болған.
Несие құрылымында ипотекалық қарыздар 14,6 пайызға ұлғайып, 6,9 трлн теңгені құрады. Тұтынушылық несиелер көлемі 21 пайызға артып, 16,7 трлн теңгеге жетті. Алайда кепілсіз тұтынушылық кредиттер бұрынғыдай қарқынмен өсіп отырған жоқ: олардың өсімі 2024 жылғы 29,3 пайыздан 2025 жылы 14,5 пайызға дейін төмендеді.
Агенттік бұл үрдісті тәуекелдерді шектеуге бағытталған реттеуші шаралармен байланыстырып отыр. Соның ішінде жаңа кепілсіз қарыздарды беру өсімі 22,6 пайыздан небәрі 6,1 пайызға дейін қысқарған.
Халыққа берілетін несиелердің артуына автонесиелер айтарлықтай ықпал еткен. Бір жыл ішінде бұл сегмент 42,4 пайызға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті.
2025 жылдың желтоқсанында ұлттық валютадағы халыққа берілетін несиелердің орташа мөлшерлемесі 18,3 пайыз болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 17 пайызды құраған.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 4,3 пайызға жетіп, ақшалай көлемі 1,07 трлн теңгені құрады. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 3,8 пайыз деңгейінде болған.
Жалпы алғанда, Қазақстанның банк секторы өсім траекториясында қалды. 2025 жылы банктердің жиынтық активтері 15 пайызға артып, 70,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткішке экономиканы несиелеудің кеңеюі негізгі серпін берген.
Материал авторы