Астанада 9 жастағы қызға сексуалдық сипатта тиіскен шетелдік азамат қамауға алынбады
Өзбекстан азаматы кішкентай қызды алдына отырғызып, тиісіп бастаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 9 жастағы қызға сексуалдық сипатта тиісу дерегі бойынша Өзбекстан азаматы сотталып, қамауға алынған жоқ. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді.
Іс Астананың ауданаралық қылмыстық сотында қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға өткен жылдың тамыз айында болған. 40 жастағы Ахмаджон Кузибаев танысының жатақханадағы бөлмесіне келген. Ол үйде 9 жастағы қыз бен 4 жастағы бала қалған сәтті пайдаланған.
Кейін сотта шетелдік азаматтың кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасағаны анықталды. Балалар қорқып, жақын маңдағы дүкенге жүгіріп кіріп, сатушыға бірден болған жағдайды хабарлаған.
Сатушы полиция шақырған. Күдікті оқиға орнында ұсталғанымен, қамауға алынбады.
Сот Ахмаджон Кузибаевты Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы – «он алты жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиісу» бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бапта бас бостандығынан айыру жазасы көзделмеген.
Нәтижесінде сот оған 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы айыпталушыны 50 тәулікке қамауға алуды сұраған. Алайда судья Данияр Жүнісов бұл жаза түрі 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданысқа енгізілмейтінін түсіндірді.
Сот үкімімен айыпталушыға жәбірленуші балаға және оның отбасы мүшелеріне жақындауға тыйым салынды. Ал шетелдік азаматтың Қазақстан аумағынан депортацияланатыны әзірге нақтыланған жоқ.
Материал авторы