474

Алматыда бейәдеп сөз айтқан шетелдік стримерлер 15 тәулікке қамалды

Стримерлердің әрекеті «ұсақ бұзақылық» ретінде сараланды.

Алматыда бейәдеп сөз айтқан шетелдік стримерлер 15 тәулікке қамалды
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізу кезінде бейәдеп әрі қорлайтын сөздер айтқан екі шетелдік стример 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасы шетел азаматтарына қатысты «ұсақ бұзақылық» дерегі бойынша әкімшілік іс қозғаған.

Тексеру барысында стримерлердің әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпке қайшы, бейәдеп және қорлайтын сөздер қолданғаны анықталған. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарын бұзады.

Іс материалдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданып, сот шешімімен екі азамат та 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Полиция интернет кеңістік жауапкершіліктен тыс аймақ емес екенін ескертеді. Әлеуметтік желідегі сөз бен әрекет қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтармен бірдей құқықтық бағаға ие.

Құқық қорғау органдары азаматтарды, азаматтығына және коммуникация форматына қарамастан, заң талаптарын сақтауға және көпшілік ортада әдеп нормаларын бұзбауға шақырды.

Бұған дейін стримерлердің қорлайтын сөздері жазылған бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тараған болатын.

Материал авторы