СҚО-да жүк көлігі мен Toyota Camry соқтығысып, жүргізуші қаза тапты
Қарсы жолаққа шыққан Toyota Camry жүргізушісі жол апатынан мерт болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көлігі мен Toyota Camry соқтығысып, бір адам қаза тапты.
Жол-көлік оқиғасы Жезқазған – Арқалық – Петропавл бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 92-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы Toyota Camry жүргізушісі Петропавл қаласынан Явленка бағытына қарай қозғалып келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан Shacman маркалы жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жүк көлігін 37 жастағы жүргізуші басқарған.
Соқтығысудан кейін екі көлік те отқа оранған. Жеңіл автокөлік толықтай жанып кеткен, ал жүк көлігінің кабинасын өрт шалған. Toyota Camry жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол жағдайын ескеруге және көліктің техникалық жай-күйін үнемі бақылауда ұстауға шақырды.
Материал авторы