1254

17 жасар қызды зорлап, өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында көз жұмды

Қоғамда резонанс тудырған істердің басты күдіктісі тергеу изоляторында қайтыс болды.

17 жасар қызды зорлап, өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында көз жұмды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бішкектегі тергеу изоляторында бірнеше ауыр қылмыс бойынша айыпталған Кумарбек Абдыровтың мәйіті табылды. Бұл ақпаратты Қырғызстанның Қылмыстық-атқару қызметі ресми түрде растады.

Ведомство мәліметінше, ер адам тергеу изоляторы камерасынан өмір белгілерінсіз табылған. Медицина қызметкерлері шұғыл көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда өлімнің нақты себебі жарияланған жоқ.

«Оқиға орнына Қылмыстық-атқару қызметінің жедел-тергеу тобы және қадағалаушы прокуратура өкілдері шықты. Аталған дерек тіркелді, сот-медициналық сараптама тағайындалды, тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.

Кумарбек Абдыровтың есімі 2025 жылы кәмелетке толмаған қызды өлтіру дерегі бойынша берген мойындауынан кейін кеңінен белгілі болған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып, Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу мәселесінің қайта көтерілуіне себеп болды.

Сол кезде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қолданыстағы тыйымды қайта қарау жөнінде бастама көтерген еді. Алайда елдің Конституциялық соты мұндай өзгерістерді Конституцияға қайшы деп таныды.

Бұған дейін ішкі істер органдары Абдыровтың басқа да қылмыстарға, оның ішінде зорлау мен адам өлтіру деректеріне қатысы болуы мүмкін екенін хабарлаған. Оның ісі бойынша тергеу қайтыс болған сәтіне дейін аяқталмаған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор