266

«Актив Ломбард» ісі: 19 млрд теңгелік заңсыз микрокредит схемасы әшкереленді

Дубайдағы апартаменттер мен элиталы көліктерге тыйым салынды.

«Актив Ломбард» ісі: 19 млрд теңгелік заңсыз микрокредит схемасы әшкереленді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру деректері бойынша С.С. Койновқа және өзге де тұлғаларға қатысты тергеуді аяқтады.

Тергеу материалдарына сәйкес, С.С. Койнов «Актив Ломбард» желісін пайдаланып, комиссиялық сауда қызметі ретінде бүркемеленген заңсыз микрокредит беру схемасын ұйымдастырған деген күдікке ілінген.

Қызметке заңды сипат беру үшін ол өзіне бағынысты «Актив Ломбард» ЖШС-інің материалдық-техникалық базасы мен әкімшілік ресурстарын пайдаланып, сенімді адамдардың атына тіркелген және формалды түрде комиссиялық саудамен айналысқан «One Billion Sales», «The Best Seller» және «Shark in Sales» ЖШС желісін құрған.

Аталған компаниялар «Актив Маркет» бірыңғай брендімен жұмыс істеп, іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен микрокредит беру үшін қолданылған. Комиссиялық пункттер «Актив Ломбард» филиалдарымен бір ғимаратта орналасқан, ал клиенттерге бірдей қызметкерлер қызмет көрсеткен.

Клиенттермен жасалған комиссиялық шарттардың формалды әрі жалған болғаны анықталған. Сыйақы мөлшерлемесі тәулігіне орта есеппен 1,73–2,07 пайызды құраған. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шектен шамамен бес есе жоғары.

Нәтижесінде 1,9 миллионнан астам шарт рәсімделіп, алынған қылмыстық кіріс көлемі 19 миллиард теңгеден асқан.

Тергеу дерегінше, табыстың шығу көзін жасыру мақсатында С.С. Койнов көпсатылы заңдастыру схемасын іске асырған. Байланысты компаниялармен жалған шарттар жасалып, қаражат бірнеше банк шоты арқылы айналдырылып, кейін дивиденд түрінде шығарылған. Осы жолмен 5 миллиард теңгеден астам қаржы қолма-қолдандырылған.

Сонымен бірге, ол бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеумен формалды түрде айналысқан «Zeus Co» ЖШС-ін тіркеген. Бағдарламаны енгізу және сүйемелдеу қызметтері көрсетілді деген желеумен құны қолдан өсірілген шарттар жасалып, аталған компанияның шотына 2,5 миллиард теңге түскен. Оның 2,2 миллиард теңгесі С.С. Койновқа дивиденд ретінде аударылған.

Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 миллиард теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Тыйым салынған активтер қатарында Астанадағы төрт пәтер мен екі тұрғын үй, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі төрт апартамент, алты автокөлік, соның ішінде Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport, сондай-ақ депозиттік шоттардағы 2,7 миллиард теңге бар.

С.С. Койнов қамауға алынды. Тағы төрт адамға елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Материал авторы