Илон Маск Марсты қоя тұрып, алдымен Айда қала салуға кіріспек

Маск Марстағы құрылыс жұмыстары кейінге қалдырылғанын айтты.

Илон Маск Марсты қоя тұрып, алдымен Айда қала салуға кіріспек
news.sky.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск Марстағы база құрылысы алдағы бес немесе жеті жыл ішінде басталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда компанияның қазіргі басты басымдығы – Ай бағдарламасын жедел іске асыру.

Маск бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі жазбасында айтты. Оның сөзінше, SpaceX алдымен Айда тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қала салуға күш жұмсамақ. Мұндай қаланы он жылға жеткізбей тұрғызу жоспарланып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, Марсты игеру жобасы кейінге қалдырылғанымен, компания бұл бағыттан толық бас тартпайды. Керісінше, Марста қала салу мақсаты сақталады, бірақ нақты құрылыс жұмыстары бес-жеті жылдан кейін ғана басталуы мүмкін.

Сонымен қатар Маск қазір ғарыштағы деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесін де аса маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт алдағы жылдары стратегиялық рөл атқарады.

Белгілі болғандай, 2027 жылдың наурызында SpaceX Айға адамсыз қондырғы жіберу миссиясына қатысуы тиіс. Ал Марсқа бағытталған бағдарлама кейінгі кезеңге жоспарланған.

Илон Маск бұған дейін, 2026 жылдың соңына дейін Марсқа пилотсыз миссия ұшыруды көздейтінін де мәлімдеген болатын.

Маск Айды игеру саласында АҚШ Қытайдың ғарыш агенттігімен бәсекеге түсіп отырғанын атап өтті. Осы себепті SpaceX бұл бағытта NASA-мен бірлесіп жұмыс істеп, АҚШ-тың көшбасшылығын сақтап қалуға ниетті.

Материал авторы