Иранда Нобель сыйлығының лауреаты 7,5 жылға сотталды
Үкім АҚШ-пен ядролық келіссөздер қарсаңында шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі құқық қорғаушы, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргес Мохаммадиді 7,5 жылға бас бостандығынан айырды.
53 жастағы белсендінің жақтастарының мәліметінше, үкім Тегеранның АҚШ-пен ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздерді қайта жандандыруға ұмтылып отырған кезеңінде шыққан. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери соққы жасау қаупін жоққа шығармаған.
Құқық қорғаушының адвокаты Мостафа Нили сот шешімі Мешхед қаласында сенбі күні қабылданғанын растады. Оның айтуынша, Наргес Мохаммади «ақпарат жинау және сөз байласу» бабы бойынша 6 жылға, «үгіт-насихат жүргізу» айыбы бойынша 1,5 жылға сотталған. Сонымен қатар оған екі жыл мерзімге елден шығуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, сот Мохаммадиді Тегераннан шамамен 740 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан Хосф қаласына екі жылға ішкі жер аударуға үкім етті.
Иран билігі үкімге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Еске салсақ, Наргес Мохаммади 2024 жылдың желтоқсанында денсаулығына байланысты түрмеден уақытша босатылған болатын.
Материал авторы