517

Астанада «Жайдарман – қазақ контентінің кадрлық базасы» атты республикалық форум өтті.

2026 жылғы 9 ақпанда Астанада «Жайдарман – қазақ контентінің кадрлық базасы» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Жайдарман қозғалысының XXII маусымының ашылуына арналды.

Астанада «Жайдарман – қазақ контентінің кадрлық базасы» атты республикалық форум өтті.
Жайдарман

Форумға ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері, журналист Дана Нұржігіт қатысып, Жайдарман мектебінің кадрлық әлеует қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

«Мұндай Жайдарман форумы өтіп жатқаны – қозғалыстың даму жолындағы жаңа кезең. Өйткені Жайдарман өсті, дамыды, қанатын жайды. Бүгінде ол жастардың үлкен қозғалысына айналды», – деді ол.

Форумның басты тақырыбы – «Жайдарман – қазақ контентінің кадрлық базасы». Жиын барысында Жайдарман қозғалысынан шыққан жастардың кино өндірісі, медиа және креативті индустриядағы орны талқыланды. Сахнадағы шығармашылықты нақты нарықтық өнімге айналдыру және кадрлық резерв қалыптастыру жолдары қарастырылды.

Продюсер Малик Хасенов Жайдарман мектебінің отандық кино және сериал өндірісі үшін кадр дайындайтын маңызды орта екенін атап өтті.

«Жайдарман – әзіл ғана емес, бұл дайын кадрлар фабрикасы. Мұнда сценарий ойлау, командамен жұмыс істеу, көрерменмен байланыс орнату сияқты киноға қажет барлық қабілет қалыптасады», – деді ол.

Іс-шарада «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукен, Juzmedia.kz жобасының құрушысы Тоғжан Аманалиева да спикер ретінде сөз сөйледі.

Сондай-ақ форумға Jastar Ruhy қозғалысының өкілі Ақерке Искандирова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева, Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Ернар Тайжан, Freedom Holding өкілі Азамат Атагелді, продюсер әрі жайдарманшы Бұхар Марат және креативті индустрияның өзге де сарапшылары қатысты.

Ақерке Искандирова өз сөзінде алдағы уақытта филиалдар бойынша бірлесіп жұмыс істеу жоспары бар екенін айтып, «Саясаттан қорықпау керек. Біз бақыламаймыз, біз мүмкіндік береміз», – деді.

Форум аясында «Жайдарман мектебі және кино өндірісі», «Жастар креативі: сахнадан нарыққа» тақырыптарында панельдік сессиялар өтті. Сонымен қатар Жайдарманның жаңа маусымындағы жоспарлар мен форматтық өзгерістер таныстырылды. Биыл Жайдарман жобасы билет сату бағытында Freedom Ticketon платформасымен серіктес ретінде жұмыс істеп жатыр.