SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорған қаласының тұрғыны автокөлігінің үстіне құлаған ағашқа байланысты материалдық шығынды өндіріп алды. Сот шешімі бойынша оған 1 миллион 71 мың теңге төленеді.
Сотқа шағымданған азамат Айтыков көшесіндегі №26Б үй жанында өскен ағаштың көлігінің үстіне құлағанын, салдарынан материалдық залал келтірілгенін мәлімдеді. Шағымдағы шығын сомасы – 1 141 000 теңге.
Тергеу барысында ағаш №26Б үйден 18 метр қашықтықта орналасқаны, жер учаскесі жеке меншікке берілмегені анықталды. 2025 жылғы 19 наурызда Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық бөлімшесі мен «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымы арасында құрылысқа жатпайтын мемлекеттік сатып алу шарт жасалған.
Шартқа сәйкес, қала көшелерінде ағаштарды санитарлық кесу, тіреу қапталдарын, бұталар мен құрғақ тармақтарды қиып, жол белгілерін көруді қамтамасыз ету, сондай-ақ авариялық ағаштарды анықтау міндеті жауапкерге жүктелген. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары немесе авариялық жағдайларда жауапкершілік мердігерге тиесілі.
Сот бұл жағдай мердігер тарапынан шарттық міндеттемелердің дұрыс орындалмауынан туындаған деп танып, «Мүгедектер қоғамынан» материалдық шығынды өндіруді шешті.
Талдықорған қалалық сотының шешімі бойынша өтемақы сомасы 1 071 916 теңге мөлшерінде өндірілді. Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.
RUS