SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде 11 ақпанда ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктер ел аумағында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ, қатты жел және аяздың күрт күшеюі күтілетінін хабарлады.
Ең күрделі жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелуі мүмкін. Бұл өңірлерде бұрқасынмен бірге желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейіп, көріну қашықтығы төмендейді.
Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавл қаласында қар, бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Сонымен қатар өңірде 11 ақпанда түнде және күндіз ауа температурасы 12–17 градус аязға дейін күрт төмендейді, ал 12 ақпанда кей аудандарда 30 градус аязға дейін суытады.
Астанада түнгі және таңғы уақытта қар, тұман, көктайғақ және бұрқасын күтіледі. Жел екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қалада 11 ақпанда ауа температурасы 12–14 градус аязға дейін төмендеп, 12 ақпанда түнде 22–24 градус аяз болады.
Қарағанды облысында түнде қар, бұрқасын, көктайғақ күтіледі, солтүстік және шығыс бөлігінде қар қалың түседі. Желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Өңірде 12 ақпанға қараған түні 30 градус аязға дейін суыту қаупі бар.
Павлодар облысында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ болжанып отыр. Жел екпіні 23–28 м/с. 12 ақпанда түнде ауа температурасы 28 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.
Ұлытау облысында және Жезқазған қаласында қар, бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Кей аудандарда қатты қар жауады, жел екпіні 28 м/с-қа дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан облысында және Өскемен қаласында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік және шығыс аудандарда жауын-шашын күшейеді, жел екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы және Жетісу облыстарының таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтіледі. Алматы облысында жел бағыты ауысып, екпіні 18–23 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Түркістан және Жамбыл облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ, тұман және жаяу бұрқасын болжанған. Таулы аудандарда және кей бөліктерде жауын-шашын қарқындылығы жоғары болады.
Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тұман, көктайғақ, жекелеген аудандарда қар мен желдің күшеюі күтіледі.
Синоптиктер көлік қозғалысында ерекше сақ болуға, алыс жолға шықпауға және ауа райының күрт өзгеруін ескеруге шақырды.
RUS