241

Maybach пен Lamborghini: Қазақстанда іздеуде жүргендерден 420 млн теңгенің мүлкі тәркіленді

Заңсыз онлайн-казино ісі бойынша қымбат көліктер мен миллиондар мемлекетке өтті.

Maybach пен Lamborghini: Қазақстанда іздеуде жүргендерден 420 млн теңгенің мүлкі тәркіленді
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «1Win» брендімен заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, заңсыз қызметті бүркемелеу үшін жалған тұлғалардың атына рәсімделген, өзара байланысы бар («аффилирленген») бірнеше заңды тұлғадан тұратын кең желі пайдаланылған.

Тергеу дерегіне сәйкес, «1Win» интернет-платформасы 11 мыңнан астам онлайн ойынға, сондай-ақ спорт және киберспорт жарыстарына бәс тігу мүмкіндігін ұсынған. Ставкаларды қабылдау және ұтысты төлеу банк карталары, электронды төлем жүйелері мен криптовалюта арқылы жүзеге асқан.

Күдіктілер халықаралық іздеуге жарияланып, оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай санкцияланған.

Сонымен бірге қылмыстық жолмен алынған мүлікті сотқа дейін тәркілеу рәсімі басталды. Тергеу аясында Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser көліктері, сондай-ақ банк шоттарындағы 151 млн теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро анықталды.

Сот қаулысымен жалпы құны 420 млн теңгеден асатын аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Айта кетейік, Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті «1Win» платформасының заңсыз қызметі бойынша сотқа дейінгі тергеуді 2023 жылдың тамызында бастаған. Тергеу материалдарында бұл онлайн-платформаның лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткені және заңсыз құмар ойын бизнесіне мыңдаған қазақстандықтың тартылғаны көрсетілген.

Сонымен қатар қаражат интернет-эквайринг арқылы және тұлғаны сәйкестендірусіз қабылданған. Бұл жағдай кәмелетке толмағандардың да құмар ойындарға қатысуына жол ашқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 2023 жылы ғана заңсыз қызметтен түскен айналым небәрі бір жылдың ішінде шамамен 4 млрд теңгеге жеткен.

Материал авторы